Түркия мен қазақстандық құтқарушылар тәжірибе алмасады

Түркия тарапы жер сілкінісі салдарын жоюда жоғары кәсібилігімен көзге түскен қазақстандық құтқарушылармен тәжірибе алмаспақ. Олар еліміздің төтенше жағдайлар министрлігіне осындай ұсыныс білдірді. Бұл туралы арна тілшісіне ҚР Төтенше жағдайлар министрінің өзі мәлімдеді.

Оқу-жаттығу жұмыстары Астана маңындағы полигон мен Алматыдағы Төтенше жағдайлар орталығында өтуі мүмкін.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Ұсыныс жер сілкінісі салдарын жоюға қатысушыларға, нақты айтқанда, республикалық жедел-құтқару жасағына бағытталды. Біз алдымен түрік тарапы зілзала бойынша операцияларды толық аяқтап алсын деп келістік. Оларда әлі жұмыс көп. Меніңше, келешекте құтқарушыларымыз дайындалатын жыл сайынғы жиындарға оларды да шақырамыз. Бізге Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан да келіп жатады. Бұл бәріміздің өзара байланысымызға оң әсер етеді деп ойлаймын.

Эксклюзивті сұхбатты жексенбі күні сағат 20:30-да Хабар 24 арнасының арнайы жобасы «Президент» хабарынан көре аласыздар. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары жайлы айтылады.