Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл-аймақтар Амал мерекесіне айрықша мән бере бастады. Бүгін бұл мейрам Бозанбай ауылында өтті. Ұзақ қыстан аман шыққан ел-жұрт бір-бірімен қауышып, амандық сұрасып арқа-жарқа болды. Ақсақалдар бата беріп, жастар ән-мен жырдан шашу шашты. Ең бастысы, жиналғандар бұл мейрамның мағынасын түсініп, бір-біріне жылы тілектерін арнады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Эльмира Ахметова, тілші:
- Өскеменнен 60 шақырым жердегі Ұлан ауданындағы Бозанбайда бүгін ерекше күн. Ақ шаңқан үйлер. Қазаны отта, самаурыны шоқта, ән мен жыр төгіліп, нағыз думан осында. Тау баурайындағы тұрғындар 6 ай қыстан аман шықтық деп, мінеки, ағайын туыспен көрісіп жатыр. Амал мерекесін тойлап жатыр. Өлкеде әлі де қыс сызы кете қойған жоқ. Дегенмен мейрам дәстүрге сай өтуі тиіс.
Ауылдың алты ауызы айтылып, айтыс, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Бүркітші қыз Айзере де осы жерде жүр. Қаршадай қазақ қызы жыртқыш құсты бір адамдай баптап, күтуде алдына жан салмай келеді. Қанаттыны талай рет аңға да өзі салған. 13 жасар қыз сұңқардың сырын әбден біліп алған.
Айзере Маркс, бүркітші:
- Түлкі алған қоян алған тағы басқа аңдарды алады жән де бүркітке өзі қараймын, өзім ұстаймын, қорықпаймын, бастысы, адамның қорыққанын, сасқалақтағанын біліп тұрады.
Нұрхат Садықов, Ұлан ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Енді биыл қыс ерекше қатты болды, қар қалың болды, сондықтан халық қыстан аман-есен шыққанынан өте қатты қуанып жатыр, риза болып жатыр. Сондықтан осы шығысқа керек, болуы керек нәрсе деп ойлаймын, керемет мереке.
Бұл жерде тек ән мен жыр тыңдап қана қоймай, осылай жүйрік атпен, қыран құспен фотосуретке түсуге де болады. Ұзақ қыстан қажыған жұрт үшін Амал мерекесі айырықша әсер қалдырып жатыр. Ауылдағы Амалды қаладан арнайы кеп тамашалағандар көп.
Мұхтар Тойбазаров, қала тұрғыны:
- Өте ұнап тұр, өйткені жастар да, үлкен кісілер де бар, үлкендерден бата алып жүрміз, балалар ұлтық киімдерін киіп, біздің дәстүрге кірісіп жатыр. Ол деген керемет, ұнап та тұр, ризамын да.
Жиналғандардың бәрі де Жаңа күнен жақсылық күтеді. Бастапқыда ұмыт болып, бұл өлкеде мүлдем аталмайтын мейрам, мінеки, соңғы жылдары осылай ауыл-ауылда тойланып, тұрғындар асыға күтетін күнге айналған.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов.
