Түркістан облысындағы шалғай елді мекеннің балаларын мектепке жаңа автобустар тасымалдайды. Наурыз мерекесі қарсаңында аймақтағы ауыл мектептеріне 71 арнайы автобус берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өңір басшысы жаңа көліктердің кілтін мектеп директорларына тапсырып, балалардың қауіпсіздігі мен білім сапасы үнемі өз бақылауында екенін жеткізді. «Балалар жылында» Түркістан облысындағы аудандарға 101 автобус бөлу жоспарланған еді. Бүгін соның 71-і ел игілігіне тапсырылды. Қалғаны жақын күндері жеткізілмек. Бұл автобустар облыстағы 56 ауыл мен бастауыш сыныптары ғана бар 124 елді мекендегі 15 мыңнан астам баланы тасымалдайды.
Бекайдар Тойлыбаев, Төлеби аудандық білім бөлімі басшысының м. а.:
- Біздің Төлеби ауданына 10 автобус бөліп отыр. Бұны естіп, бүкіл Төлеби ауданының халқы, балалар қуанып жатыр. Жаңа автобустар, барлығы да жаңарып жатыр. Қуаныштымын, мереке құтты болсын!
Дінислам Болатханұлы, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:
- Бұл – Үкіметтің біздің балаларымыздың жағдайын жасап жатқан үлкен қадам. Қазақстан бойынша ең көп автобус біздің облысқа берілді. Ауылдың балаларын орталықтағы ең сапалы мектептерге тасымал ұйымдастырып, олардың білім көтереміз деген ойдамыз.
