Ақтөбе облысындағы ахуал. LIVE

Ақтөбе облысындағы ахуалды дәл қазір бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған әріптесім Мансұр Есқожиннан сұрап білсек.

Тасқынға тосқын қою үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?

Мансұр Есқожин, тілші:

- Төтенше жағдайлар министрі бірінші Ойыл ауданына барып, суға кеткен Қаратал ауылында болды. Кеше түстен кейін Ойыл өзені арнасынан шығып, 12 ауланы басып, екі үйдің ішіне кірген. Қазір жергілікті билік тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ екендігін жеткізді. Құзырлы министрлік басшысы өзен арнасын бекіту, бөгеттерді қалпына келтіруді тапсырды. Дәл қазір біз Қобда ауданындамыз. Бұл ауылды да 13 наурыз күні су басып, 79 үйге су кірген. Салдарынан 3 баспана толығымен қирап, 4-і апатты жағдайда. Дене шынықтыру, сауықтыру орталығы су астында қалды. Эвакуациялық пунктерге 40-қа жуық тұрғын орналастырылды. Жергілікті билік зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетілетіндігін айтып отыр. Одан бөлек кәсіпкерлер мен өзге тұрғындардың тарапынан қаржылай қолдау көмек көрсетіліп жатқандығын аудан әкімі айтып берген болатын. 

Болат Кулов, Қобда ауданының әкімі:

- Қазір енді бірінші кезектегі жұмыстар бұл жаңағы аулада тұрып жатқан суларды сорып жатырмыз. Ақтөбе облысынан біздің жерлестеріміз, еріктілер, 18 ассенизатор келді. Қазір енді үйлердің суын сорып біраз еңбек жасады үш күннің ішінде. Күнделікті қажет ететін нірселерді кәсіпкерлер шешіп жатыр. Ол үлкен көмек бізге. Біздің ауданда 400-ден астам шаруа қожалықтары бар. Олар да тыс қалып жатқан жоқ. Ол кәсіпкерлер де өзіміз ақша жинап береміз. Әрбір үйге көмек береміз. Бірде бір үйді қалдырмаймыз деп осындай ұсыныс жасап, жан жақтан көмек келіп жатыр.  

Қазір арнайы комиссия су басқан үйлерді зерделеп, шығын көлемін анықтауға кірісті. Оған дейін жергілікті билік 75 отбасына 500 мың теңгеден беретін болды. Бұл бюджеттен тыс қаржы көзінен бөлініп отыр. Ал баспанасы қирап, үйсіз қалған 3 жанұяға басқа үй беріледі. Келген шығын көлемі анықталған соң бюджет есебінен өтеледі.