Ақтауда келіндер сайысы өтті

Ақтауда «Пай-пай, қазақтың келіндері» деп аталатын дәстүрлі сайыс өтті.

Байқауға аудан-қалалық кезеңде топ жарған 6 келіншек бақ сынады. Үлгілі әулеттің ұйытқысы болып отырған әйелдер сахнада ұлттық салт-дәстүрді дәріптеді. Үлкенге ізетпен сәлем салу, ұршық иіріп-баланы бесікке бөлеу, ситуациялық сұрақтарға жауап беруде шеберлігін байқатты. Қатысушылардың өнерін ақ кимешекті әжелер бағалап, мүлт кеткен жерін түзетіп отырды. Осылайша, қазақ келіндерінің жанұяда және қоғамда өзін-өзі ұстау қабілетіне баға берілді. Сайыс қорытындысында ақтаулық келін Гран-при жеңімпазы атанса, 1-ші орынды Жаңаөзен тұрғыны иеленді.

Айдана Жолаева, байқауға қатысушы:

- 2 баланың анасымын. Осындай сайыстар жиі ұйымдастырылса екен деймін. Білгенімізден білмегеніміз көп екен жалпы. Әр сайысқа қатысқан сайын біз өсіп жатырмыз. Үлкендердің жолын берсін деген ниетпен маған қолдау білдірді.