Қазақстанда алғаш рет ахондроплазия дертіне шалдыққан, яғни, бойы өспей қалған балаларға бірегей дәрілік препарат салынды.
Дәрігерлердің айтуынша, оның көмегімен балалардың бойы бір жылда 5-8 сантиметрге дейін өседі. Қазіргі уақытта 10 бала Қазақ Ұлттық медицина университетінің "Ақсай" клиникасында ем қабылдауда. Қымбат препарат үшін Қазақстан халқына қоры 2 миллион еуро қаражат бөлген.
Ақбаян Нұржанқызының жасы 11-де. Бойы 117 сантиметр. Өзінің қатарластарынан 25-30 сантиметрге төмен. Анасының айтуынша, баланың ерекшелігін дәрігерлер құрсақта жатқанда анықтапты. Өсе келе, өзгешелігі анық біліне бастаған. Бірақ, қол қусырып отырмадық, - дейді анасы. Киев қаласына барып, бірнеше рет Илизаров әдісімен операция жасатқан.
Гүлғайша Оспанқызы, Ақбаянның анасы:
-Төрт операциядан өткенде бала 15 сантиметрге өсті. Яғни, жаңағы бедреная кость дейді сан сүйегін 9 сантиметрге ұзарттық. Тізеден төмен голень дейді ол жерде алты сантиметрге ұзарттық. Жалпы, бойы 15 сантиметрге сындыру арқылы ғана өсті. Қазіргі тарапта мына иньекция шыққаны жақсы болды.
Ақбаянның бойы қысқа болса да, ойы озық. Астанадағы мамандандырылған «Дарын» мектебінде 4 сыныпта оқиды. Дегенмен, бала көңіл қатарластарыммен қатар тұрсам деп армандайды. «Ақсай» университет клиникасында ем қабылдап жатқан бар баланың ендігі үміті АҚШ-тан әкелінген бірегей екпеде. «Оның тиімділігі клиникалық зерттеулермен дәлелденген», - дейді дәрігерлер. Препарат сүйектердің өсу қарқынын 95 процентке арттырады.
Исамдун Харамов, ҚАЗҰМУ "Ақсай" клиникасы ортопедия бөлімінің меңгерушісі:
-Аппарат Элизаровтың мақсатымен аяқтарын, қолдарын созатын едік. Қазіргі уақытта осындай дәрінің арқасында біздің балаларымыз бойын бір жылда 5-8 сантиметрге дейін бойы өседі. Балалардың енді өздеріңіз білесіздер сүйектерінің өсетін жерлері бар. Өсетін жерлері жабылмағанша осындай дәрі дәрмекті алуға болады.
Препарат 2021 жылы АҚШ-та және Еуроодақта мақұлданған. Алайда, елімізде әлі тіркелмеген. Соған қарамастан «Қазақстан халқына» қоры балаларға үміт сыйлап, екпе алуға мүмкіндік жасады.
Айта кетейік, бір науқас үшін бір жылға қажетті екпе шамамен 200 000 еуро тұрады. Қор 10 баланың бір жылдық емі үшін 907 миллион теңгеден астам қаржы бөлген.
Эльмира Алиева, "Қазақстан халқына" ҚҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі:
- Қымбат препаратты қабылдауға еліміздің аймақтарынан сирек кездесетін дертке шалдыққан 10 науқас шақырылды. Олардың бәрі «Ақсай» университеттік клиникасы дәрігерлерінің медициналық консилиумы арқылы анықталды. Нәтиже болу үшін ем шараны үздіксіз қабылдау керек, орта жолдан үзуге болмайды. Қор осы дертке шалдыққан балаларды емдеуді алдағы уақытта да жалғастырады деп үміттенеміз.
Сүйекпен бірге бұлшықеттің өсуі маңызды, - дейді дәрігерлер. Сондықтан, екпе алумен қатар, балалардың арнайы дене жаттығуларын жасауы да мамандардың жіті бақылауында.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев
