«Қызылорда-Жезқазған» жолы жөнделіп жатыр

Қызылорда облысын еліміздің орталық аймақтарымен жалғайтын «Қызылорда-Жезқазған» жолы көп жылдан бері күрмеуге келмеген мәселелердің бірі еді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы жоба құрылысы басталған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Есекаяң жүріс. Шаңы бұрқыраған жолмен тәулігіне мыңдаған көлік арлы-берлі қатынауға мәжбүр. Өйткені бұл күрежол Еліміздің батыс, оңтүстік аймақтарын орталық, солтүстік Қазақстанмен байланыстырып тұр.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бір кездері мына жерде айнадай тегіс асфальт болды деп айту қиын. Қазір ізі де қалмаған. 30 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Мынадай көліктер жауынды күндері ми батпақтан мықшыңдап әзер өтеді екен.

Берік Уәлибек, көлік жүргізуші:

- Жаңбыр жауғанда, қар жауғанда қатты қиын болады. Машина жай жүреді, көбі бұзылып қалады жолда. Сынады. Жол нашар болғасын белгілі ғой. Далада қалатындар көп кездеседі.

Талайды титықтатқан 400 шақырымның Қызылорда облысына тиесілі 216 шарымын қайта жаңғырту жұмысы өткен жылы басталды. Жобаны отандық және шетелдік 6 мердігер компания жүзеге асырады. Оның 4-еуі бүгінде жол құрылысына қарқынды кіріскен.

Ерсайын Мұзафар, «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда 10 шақырым, негіздеменің жоғарғы қабаты дейміз, асфальт төсемесі 10 шақырым салынды өткен жылы. Одан бөлек, 140 шақырым іске асып жатқан, соның 40 шақырымына айналма жолдар салынды. Оны әлдеде ұзартамыз. Қазіргі уақытта аталған 4 учаске бойынша екеуінде асфальт зауытымыз тұр. 4,6 лот бойынша май айының басына дейін зауыттарын әкеліп құрамыз.

Жолдың ені 7 метрден 9 метрге дейін кеңейтіліп, екінші санаттан үшінші санатқа ауысады. Күрежол бойында 2 жолайрығы, үй жануарларына арналған жол өткелдері, су арнасы өтетін 3 көпір, заманауи талапқа сай 5 санитарлық торап пен 6 демалыс алаңқайы салынады. 

Роллан Калмакбаров, техникалық қадағалаушы:

- Беткі қабатқа асфальттың ең соңғы қабатына тастың маркасы 1200-ден кем болмау керек. Қиыршық тасты, әр материалды, битум болсын сапасын тексеріп, жарамдылығын тексеріп, жолға пайдалануға береміз.

Сыр өңірі мен Ұлытау арасын жалғайтын ауқымды жобаны 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов.