Ақтөбе облысы Сарытоғай ауылының тұрғындары елді мекенді көркейтуді қолға алды

Ақтөбе облысындағы Сарытоғай ауылының тұрғындары өз қолдарымен саябақ салып алған.

Игі іске жергілікті мектептің ұстазы Есбол Мәуениязов бастамашы болған. Оның айтуынша, елді мекенді жасыл-желекке көмкеру жоспарын халық бір ауыздан қолдапты. Қазір шағын саябақ еңбектеген баладан бастап еңкейген қариялардың да сүйікті демалыс орнына айналған.

География пәнінің мұғалімі Есбол Мәуениязов бос уақытын көшет егіп, оларды баптауға арнайды. Қар еріп, жер құрғай бастағанда, саябақтағы құбырлар мен құдықтың жайын білуге келген. Алдағы маусымға жоспар көп. Ауылдастарымен бірге гүл егіп, демалыс орнын мейлінше жайлы етуді көздейді. Сарытоғайлықтардың бұл бастамасы көрші ауыл тұрғындарына да үлгі болып отыр.

Есбол Мәуениязов, Сарытоғай ауылының тұрғыны:

- Еңбекшу, Алтықарасу ауылының азаматтары, Шитүбек деген ауылдың азаматтары, Жақында міне Бабатай ауылының азаматтары хабарласып, өздерінің сондай бастамалары бар екендігін айтып білдіруде. Енді өзіміздің осы жасаған ісіміздің өзге ауылдарға да үлгі болғандығы өзіміз қуаныштымыз. Барлық ауылдарда осындай істер жүзеге асса бол жақсы іс қой. 

Саябақта теректермен қатар жыңғыл ағашы да бар. Көшеттердің бұл түрі жаздың аптап ыстығы мен қаһарлы қыстың сарышұнақ аязына төзімді келеді. Барлығы 200-ге жуық түп отырғызылған. Бұдан бөлек ауыл тұрғындары түрлі іс-шара өтетін сахна мен екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан сарытоғайлықтар тізімі жазылған ескерткіш тасты да өз қаражатына орнатыпты. 

Бибінұр Смағұлова, Сарытоғай ауылының тұрғыны:

- Саябақ ең біріншіден ауылдың көркі. Екіншіден бұл балалардың, ауыл халқының демалатын демалыс орны. Қазір балалар емін-еркін ойнайды ішінде, емір-еркін әртүрлі салт-дәстүрлерді орындағанда сахнада именбей шығып, орындап береді. Ал бұрынғы кезде мұндай саябақ болған жоқ.  Ол болмаған кездегінің тіпті елестету де қиын.

Тұрғындардың ауыл ішін абаттандыруға бел шеше кірісуі жергілікті билікке де қамшы болған. Бюджет есебінен балаларға ойын және спорт алаңдары салыныпты. Биыл ағаш егуге қосымша қаржы бөлінеді.

Мақсат Әлішев, Алтықарасу ауылдық округінің әкімі:

- Ауылға дейінгі жолды біздер былтыр асфальттағанбыз үш километр. Соның екі жағына 20 гектар жерге биыл тал егіледі деп жоспарға алып отырмыз. Ақшасы бөлінді. Конкурс өтіп жатыр. Осы көктемде басталу керек.

Иен далада жайғасқан ауылда бұған дейін көшеттер көп болған емес. Қазірдің өзінде саябақ пен 50-ге жуық үйдің ауласындағы ағаштар саны 300-ден де аспайды. Жергілікті халық жасыл-желекке малынып тұрған елді-мекенге айналу үшін бұл іске бел шеше кірісіпті. Биыл балалардың спорт алаңы маңына 120 түп көшет егіліп, әрбір үйге бір-бір жеміс ағашынан үлестіру көзделіп отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков