Қазақтың дәстүрлі ұғымында «Самарқанның көк тасы еріген күн» деген түсінік бар.
Жер бусап, тоң жібитін қазіргі мезгілге қатысты айтылады. Ал Самарқанның нақ өзі немесе тұтас өзбек халқында мұндай сөз тілге тиек етілмейді.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Биыл ала шапанды ағайын шығыстың жаңа жылына тыңғылықты дайындалды. Ең әуелі жер-жерде жалпыреспубликалық асар ұйымдастырылып, арық-атыздар күл-қоқыстан тазарды. Қазір ел астанасында жыл басы этно үлгіде тойланып жатыр. Ұлттық тағамдар әзірленіп, спорттық сайыстар өтуде.
Ахмадәлі Бабахұлов, Ташкент тұрғыны:
- Барша бауырлас халықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Қазақстанда жұмыс істегенмін. Көп достарым бар. Жаңару мерекесінде достығымыз жарасып, жалғасын таба берсін!
Наурыз жыл басы әрі мейірімділік пен жақсылықтың нышаны іспеттес. Өзбекстан Наурызға сүмәләктан басқа, самса және палаудың түр-түрін дайындайды. Әсересе, қазақ пен өзбек ауылдарындағы мерекелік көңіл-күй ерекше. Тек достық лебі сезіліп тұр.
Дәмір Қалдыбаев, Ташкент облыстық қазақ мәдени орталығының төрағасы:
- Шыназ ауданында үлкен шара болып жатыр. Наурыз үлкен мереке. Біздің уәлаяттардан бөлек, Самарқанның көк тасы еріген деген сөз бар. 22 наурызда. Сол күні таста пышақ ұрған кезде пышақ қатып қалған. Келесі жылы сол көк тастан суырып алған. Біздің қазақ пен өзбектің достығы көтеріңкі көңіл күйде қабылданып жатыр.
Самарқандта әйгілі көктастың бары рас. «Көктем шыға аласа тау биігіндегі мұз еріп, арасынан жасыл жарып шығады», - дейді этнографтар. Табиғат ана бусанатын сәтте ежелгі билеушілер рақымшылық жасап, кінәлілерді жазадан босатқан деген де дерек бар. Демек бұл пайымның астарында адамзаттың бір-біріне мейірімді әрі жанашыр болуы қажеттігі жөнінде ұстаным бар. Сондықтан мейрам бір, құндылық ортақ. Қазақстан секілді Өзбекстан да бір шаңырақ астына бірнеше ұлт пен ұлысты біріктіріп отырған ел. Басым бөлігі шығыс мәдениетін ұстанады. Сол шығыс халықтарына ортақ Әз-Наурызды тойлау бірнеше күнге жалғасады.