Жетісуда Абай ескерткіші ашылды. LIVE

Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мерекесінде Жетісу төрі Талдықорғанда қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды.

Қазір қаладағы «Жастар» спорт кешені мен «Жастар» саябағында «Наурыз – берекем, Наурыз – мерекем!» атты мерекелік іс-шаралар бағдарламасы өтіп жатыр. Аталған шарадан осы өңірдегі тілшілеріміз тікелей хабар таратуға әзір тұр.

Ардақ Айбарұлы, тілші

- Астана студиясындағы әріптестер! Қайырлы күн, Қазақ Елі! Иә, біз бүгін Талдықорғанда өткен қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай ескерткішінің ашылуына арналған тарихи сәттің куәсі болдық. Ол Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры ғимаратының алдындағы алаңға орнатылды. Абай мүсіні өте сәтті шыққан. Тұғыры гранит пен мәрмәр тастан жасалса, мүсіні қоладан құйылған. Авторлары белгілі сәулетші Ақмырза Рүстембеков пен мүсінші Мейірлан Әзмағанбетов. Ескерткіштің тұғыры 5, ал мүсіннің өзі 4 метрдей. Жанында екі субұрқағы бар. Тұрған жері өте әдемі. Біз осы айтулы шараға орай Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мырзаның пікірін жазып алған едік. Соны тыңдап көрсек. 

Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:

-Алматы қаласында 3-4 айдың ішінде бұл мүсін құйылды. Қаланың қоғамдық ұйымымен, ардагерлер кеңесімен, қаланың халқыменен, үкіметтік емес ұйымдармен, зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып, Бикен Римова атындағы облыстық драма театрдың алдындағы алаңға қою жөнінде шешім қабылдадық. Абай оқуларын өткізуге болады, кездесулер өткізуге болады, өлеңдер оқуға болады.

Ардақ Айбарұлы, тілші

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,

Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?», - деп хакім Абай жырлағандай, қазақ жастары замана көшінен қалмауы тиіс. Олардың алғыр да зерек, білімде де білікті азамат болып қалыптасып, биік белестерді бағындырарына сенім мол.

Наурыз – мерекем, Наурыз – берекем!

Талдықорғандағы Наурыз мерекесіне арналған мәдени іс-шаралар қазір «Жастар» спорт кешені мен «Жастар» саябағында жалғасып жатыр. Мұнда түрлі спорттық ойындар мен ұлттық тағам, ұлттық бұйымдар көрмесі, «Наурыз көже, Бауырсақ, Домбыра пати» шаралары ұйымдастырылуда. Кешкісін еліміздің өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтіп, соңы отшашуға ұласады.

Сондай-ақ...