Мемлекет басшысы Астанадағы мерекелік шараға қатысты

Мемлекет басшысы халықты Наурыз мерекесімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі жанындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі. Мұнан соң, ЭКСПО алаңында өткізілген мерекелік концертті елмен бірге тамашалады.

«Наурыз кезінде бүкіл елге ортақ құндылықтар дәріптеледі. Яғни, Әз-Наурыз – нағыз халықтық мейрам  бауырмалдық, жанашырлық, сыйластық, отаншылдық сияқты қасиеттің бәрі осы меркеде көрініс тапқан», –деді Президент өзінің құттықтау сөзінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Наурыз – жыл басы, халқымыз ежелден тойлаған көктем мерекесі. Бұл – халық асыға күтетін аса ерекше мейрам, қыстың ызғары қайтатын, көктем шуағын төгетін сәт. Еліміз Әз-Наурызды әрдайым ырысты ынтымақтың бастауына балаған.

Сонымен қатар, Президент тура бір жыл бұрын ел үшін маңызды бастамалар көтеріп халықтың қолдауымен аз уақыттың ішінде саяси реформаларға қол жеткізілгені туралы айтты. Және билік жүйесін қайта жасақтау үшін маңызды саяси шаралар іске асырылғанын да атап өтті. Саяси жаңғырудың жарқын үлгісі ретінде – кешегі өткен мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын мысалға келтірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кеше ғана өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау – ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша, мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басты. Жалпы, еліміздің жаңа саяси келбеті қалыптасты.

«Мемлекет басшысы тағы бір сөзінде саяси жүйесі толық жаңғырған еліміз тың қарқынмен дамиды. Жасалған реформалар экономиканың өсуіне, халық табысының артуына жол ашады. Біз жан-жақты дамыған қуатты мемлекет боламыз», - деді. Сондай-ақ, білімді жастарға үміт артатынын, ел ішіндегі тыныштықты, бірлікті сақтаудың маңызына да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтарымыздың көзқарасы әртүрлі болғанымен, барлығының тілегі – бір. Бұл – елдің амандығы, мемлекеттің жарқын болашағы. Біз осы ортақ мақсат жолында жұмыламыз. «Бірлік түбі – береке» дейді халқымыз. Қоғамда келісім және татулық болса, еліміз көздеген мақсатына жетеді.

Президент жиын барысында мерекеге орай ұйымдастырылған көрмелерді аралап, шеберлердің қолдан жасаған туындылары мен ұлттық ойындардың куәсі болып, халықпен бірге ЭКСПО алаңында өткен мерекелік концерті тамашалады.

Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Алмас Омарғалиев