Павлодарда ұлттық тағам әзірлеуден шеберлік сағаты өтті

Ұмыт бола бастаған қазақтың ұлттық тағамдары туралы не білеміз? Олар қалай аталған? Наурыз мерекесіне орай Павлодардағы Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ас әзірлеуден шеберлік сағатын өткізді. Оқушылар мен студенттер жаужүрек, әсіп және қарын бүрменің қалай  жасалатынын көрді. Сонымен қатар музей қорында сақталған көне ыдыстар көрмесін тамашалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрмеге ерте кездерде қолданыста болған ағаш астаулардың түр-түрі қойылыпты. Олар емен ағашынан жасалған. Бабаларымыз ас табақтардың ішіне бедер салмаған. Себебі майлы тағамдардың қалдықтары сіңіп кетсе, денсаулыққа зиянын тигізеді деп есептеген. Көшпенділер заманында  қолданылған бұйымдар әлі күнге дейін құндылығын жоймай келеді. Қазір ағаш астау, тостаған, ет табақтар сәнге айналған.

Жеңісбек Қадырұлы, Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі  этнографиялық бөлімінің жетекшісі:

- Қара қазанымыз бар, мосы деген бар, ол 3 аяқтан тұрады, жиналмалы, алып жүруге қолайлы, мосымен тек шай қайнататын болған. Сонымен қатар осы заманауи қолөнер шеберлері бар, қазіргі уақытта ыдыс-аяқтардың түрлерін түрлендіріп, өзіміздің қазақтың ұлттық оюын нақышына келтіріп, салып жүрген. Сол заманауи ыдыстарды да осы бүгінгі көрмеміздің арасына қойып, барлығын бірге сәйкестендіріп отырмыз.

Сағидолла Арай  Моңғолия  жастарын  бастап келді. Павлодардағы жоғары оқу орындарының бірінде 70 бала дайындық тобына түскен. Олар тарихи отанында алғаш рет Науырыз мерекесін атап өтпек.

Арай Сағидолла, куратор:

- Біз енді Моңғолияның қазақтары болғандықтан, бізде көбінде Моңғолияның салт-дәстүрімен өтеді. Осы жақта болған кезде тек қазақ салт-дәстүрімен өткенін байқадық. Бізде аса қатты тойлай бермейді. 3 күн болады. Моңғолдардың өздерінің Наурызы болғанда, сол «сағансар» деп аталады. Жаңа ай мерзімінде болады. Ол екінші айдың басында тойланады.

Ал Қазынагүл Алпысбаева ұмыт болған  ұлттық тағамдарды жасап көрсетті. Солардың бірі – бауыр мен қойдың шарбы майынан дайындалатын жаужүрек тағамы.

Қазынагүл Алпысбаева, Екібастұз қалалық Ата-мұра мәдениет орталығының қызметкері:

- Бұл тағамды үлкен әжелеріміз бұрынғы кездері жаугершілікке шығып бара жатқан біздің жаңағы азаматтарымызға арнап жасаған екен. Мұның құрамынде енді бауыр бар. Оның құрамында қандай дәрумендер бар екенін білесіздер.

Қазынагүл апай қазақтың ұлттық тағамдарының шығу тарихын зерттейді. Сонау көшпенділерден қалған ас мәзірі көптеген адамдардың сүйікті тағамына  айналатынына сенімді. Айтуынша, бүрме қарынды көшіп бара жатқан жұрт келесі көш жеткенше шоққа көміп кетіп отырған. Ал музейдегі  танымдық шаралар 1 ай бойы жалғасады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.