Түркістан жұрты Наурызды сән-салтанатымен тойлап жатыр. LIVE

Ұлыстың ұлы күні Наурызды Түркістан жұрты бар сән-салтанатымен тойлап жатыр. Жер-жерде мерекелік шаралар өтіп жатыр. Жаңарған қаладағы мейрамды көруге жан-жақтан келгендер көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жандос Жұмабек, тілші:

- Көктем оңтүстіктен басталады. Бүгін Түркістан облысының 17 аудан, қаласында Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды. Мен қазір Түркістандағы Керуен сарай кешенінде тұрмын. Мұнда 30-ға жуық киіз үй тігілген. Жиналған жұрт ұлттық тағамнан дәм татып, Ұлыстың ұлы күнінде бір-біріне ақ тілектерін жаудырды.

Мұнда күндіз мерекелік концерттік бағдарламалар, арқан тартыс, қошқар көтеру, асық ату сияқты түрлі ұлттық ойындар ойнатылды. Қала тұрғындары мен қонақтарына этноауылға саяхат ұйымдастырылды. Одан бөлек, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі өтті. Мұнда келген қонақтар тәтті тағамдардан дәм татып, қызықты ойын-сауық бағдарламаларды тамашалады. Қазір Наурыз мерекесіне арналған «Наурыз Думан» гала-концерті өтіп жатыр. Оған елімізге танымал «Меломен», «Сарын» тобы және басқа да танымал өнермайталмандары қатысып, Түркістан аспанын әсем әнге бөлеп жатыр.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Айта кетейік, Ұлыстың ұлы күні Түркістан облысында 10 күн бойы атап өтіледі. 10 күн бойы елді тазалыққа, бірлікке, елдікке, берекеге бастайтын іс-шаралар ұйымдастырылды. Ұлттық болмысымыз бен мәдениетіміз, құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлеріміз дәріптелді.