Шымкентте «Ұлы қазақ ойындары» этнофестивалі өтіп жатыр

Ұлттық нақыштағы киім үлгілері. Қызылды-жасылды оюмен өрнектелген үздік топтама Шымкентте өткен «Ұлы қазақ ойындары» этнофестифалінде көрсетілді. Этноауылға жиналған жұрт білекті жігіттердің белдесуін тамашалап, ұлттық тағамдардың жасалу технологиясымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24»

Еліміздің әр аймағынан арнайы келген дизайнерлер ұлттық киім аталымы бойынша сынға түсті. Байырғы камзолды бүгінгі талғампаз тұтушыға арнап, заманауи үлгіде таныстырған дизайнерлердің бірі – Гүлнұр Бекбатыр. Ол Алматы қаласының атынан қатысып отыр. Жас болса да, сән әлемінде 8 жылдық тәжірибесі бар. Екі адамды ісмерлікке баулып шапан мен бөрік, асыл тастармен безендірілген сәукелені де өз топтамасына қосты.  

Сайысқа қатысушыларға қойылған талап қатаң. Басты шарт: дизайнерлер топтамасында 12 түрлі ұлттық нақыштағы сәндік-қолданбалы бұйымдар болуы керек. Қазылар алқасы әр киімнің пішіні мен оның ою өрнегіне баса мән беріп, әділ бағасын береді.

Айгүл Мүкей, қазылар алқасының мүшесі:

- Нағыз мамандар, кәсіби дизайнерлер Айгүл Қасымова бар, стилист-дизайнер Мира Берген, әнші Тамара Асар және мен бармын. Сондықтан талабымыз өте жоғары. Өйткені биылдан бастап деп айтуға болады, біз қазақша нақыштағы қазақ киімдерін жаңа көзқараспен қарап жатырмыз. Сондықтан ең басты талабымыз – қазақша киімдерді, ұлттық үлгілерді өмірімізге қайтару.

Бүгінде «Асық ойнаған – азар» деген ұғым артта қалды. Бұл ойынға әлі күнге дейін қорасында малы бар, төрт түлігін түгендеп отырғандар әуес. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қазақта «Асықты асық деме, салмағы болса – сақа болар! Баланы бала деме, ақылы болса – дана болар!» деген есті сөз бар. Ауқымды сайысқа жер-жерден сақасын сайлап, мергендігін сынау үшін жасы да жасамысы да жиналды. Жүздеген үміткер жүлделі орынға дәмелі.

«Ұлы қазақ ойындары» этнофестивалінде аспаздар да ұлттық асты дәмді және жасалу технологиясы жағынан ерекше қылып дайындауға тырысып бағуда. Олар үздіктердің қатарынан көрінуі үшін тағамның шығу тарихын біліп, мәдениетін тануы керек. Аспаздар «Бесбармақ», «сірне», «бал қуырдақ» сияқты тағам түрін дайындауда өздегінше құпия рецепті пайдаланып жатыр.

Ұлттық нақышта айшықталған ауылда 200 ге жуық киіз үй тігілген. Қазақ үйлерге еліміздің әр аймағынан келген қатысушылар жайғасып, өз өңірінің тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттап жатыр.

Ұлттық идеология көрініс тапқан ауқымды шараға демеушілер есебінен қомақты жүлде тігіліп отыр. 4 бағытты қымтыған «Ұлы қазақ ойындарында» 11 аталым бойынша үздіктер ертең қорытынды шарада марапатталады. Жалпы жүлде қоры – 100 миллион теңге.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы.