Қасиетті Рамазан айы басталды

Ислам әлемі үшін қасиетті Рамазан айы басталды. 12 айдың сұлтаны саналатын бұл кезеңде жұртшылық ауыз бекітіп, 30 күн ораза ұстайды. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы тұрғындарға үндеу жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бекзат Аманов, тілші:

- Биыл Рамазан айы Ұлыстың ұлы күнімен қатар келді. Айлардың асылында ауыз бекіткен мұсылман баласы ішіп-жеуден ғана тыйылмай, жаны мен тәнін күнәдан тазартып, ізгі іске асығады. Бұл құран аяттары түсе бастаған ай. Сондықтан садақа беріп, айналаны жылуға бөлеудің маңызы жоғары. Астан тыйылып, шөлге төзген адамның ризық-несібесі де көп болады. Бұл шыдамдылықты, имандылықты һәм жақсы амалды дәріптейтін уақыт.

Ораза ұстау – әр мұсылманға парыз. Себебі бұл күні адамдарға көп жақсылық пен мүмкіндік беріледі. Жәннаттың есігі ашылып, ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі. Сансыз сауап жауады.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

- Шариғат бойынша, балиғатқа толған ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау парыз. Алайда жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы жарамайтын адамдар дертінің асқынуынан қауіптенсе, ораза тұтуды кейінге қалдыруға болатынын ескертеміз. Сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелге де уақытша ораза ұстамауға болады.

Ораза жайлы қалың қарашаның көкейінде жүрген сауал көп. Соның бірі – ауыз бекітуге мүлдем денсаулығы жарамайтын тұрғындар жайлы. Дін өкілдерінің айтуынша, мұндай азаматтар фидия беру, яғни өзге адамды тамақтандыру арқылы парызын өтей алады.

Сансызбай Шоқанов, ҚМДБ төрағасының орынбасары:

- Денсаулығы көтермейтін үлкен ата-әжеміз бар. Ораза тұтуға шамасы келмейді. Және созылмалы ауруға тап болған адамдар, дәрігерлер айтты, ол кісіге ораза тұтуға болмайды деп. Олар Фидия береді. Олар ертелі кеш бір адамды тамақтандырады. Енді ауқатты жағдайы бар адамдар 3 мың теңге. Енді жағдайы келмей тұрған пенсияға қарап тұрған ата-апаларымыз 535 теңгені 30-ға көбейтіп берсе, олардың мойынан түседі.

Дін өкілдері бұл айда мұқтажға демеу болып, кедей-кепшікке көмектесудің маңызы жоғары дейді. Биылғы пітір-садақа жан басына 535 теңге болып бекітілді. Оның мөлшері елдегі 2 келі ұнның ортақ бағасына қарай белгіленді. Сондай-ақ құрма-миіз құнымен де беруге болады. Бұл мұсылман баласына уәжіп. Қазақстан діни басқармасы ел халқы мен кәсіпкерлерге үндеу жасады. Олар азық-түлік бағасын 10%-ке төмендетуге шақырып, арақ-шарап саудасы тыйылса деген ұсыныс тастады. Тұрғындар садақаны Діни басқарма ұйымдастырған қайырымдылық қорлары арқылы бере алады.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

- «Зекет» және «Қайырылымдық» қоры Қасиетті Рамазан айында бірнеше қайырымдылық жобаларды жүзеге асырады. Атап айтсақ, «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазаннан тәбарік» сынды ауқымды республикалық қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастырады. Барша халықты сауапты іске үлес қосып, жақсылықтың басы-қасында табылып, белсенді атсалысуға шақырамын.

Рамазан айында адам өзін рухани тәрбиелеу керек. Жаман ой мен сөзді толық тыю маңызды. Айта кетейік, биылғы Қадір түні сәуір айының 17-сінен 18-не қараған түні болады. Ал ораза Айт 21 сәуірде өтеді. Таң құланиектенген сәттен, қара кешке дейін ниет етіп, тұтқан Оразалырыңыз қабыл болсын!

Авторы: Бекзат Аманов.