loader


Алматы облысының тұрғыны ит баптаумен 5 жыл айналысып келеді

Қазақы төбет пен тазы еліміздің ұлттық брендіне айналуға тиіс. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жіті мән беріп, тазы мен төбет тұқымын сақтауды Президенттің іс басқармасына тапсырған еді. Игі бастаманы төбет баптап, тұқымын көбейтіп отырған ит асыраушылар қуана қабылдады. Алматы облысында тұратын Заманбек Дәріпхан бұл іске ден қойған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақы төбеттің арсылы кез келген адамды қаймықтырады. Бірақ арыстандай айбат шеккен алабай адамға тиіспейді. Әдейі ызыландырмаса, кісі баласын тістеу табиғатында жоқ мінез. Иттің иесі Заманбек Дәріпханұлының төбет  асыруға деген қызығушылығы бала кезден басталған. 5 жыл бұрын «Мойнақ» атты күшікті асырайды. Сөйтіп, жыл сайын санын көбейтіп отырады.

Заманбек Дәріпхан, ит асыраушы:

- Ең бірінші, қасиеті біздің қазақы таза төбет ол адамға жүгірмейді, жеген асын қызғанбайды. Көрінген елге кіріп кетпейді, малдың айналасында жүреді. Қанша қарны ашса да, ол малға шабуыл жасамайды. Аш болса да, жатады. Тектілік қасиеті сол.

Заманбектің 10 төбеті бар. Күн сайын иттерді 2 сағатқа серуенге шығарады. Жонын күдірейткенде жанына жақындауға адамның дәті шыдай бермейді. Дегенмен төбеттер адамға келгенде жуас. Ит нағыз сырттан болуы үшін күшік кезінен баптау керек. Бұған ауыл жастары да қызығып жүр.

Ермек Назар, оқушы:

- Ит баптауда ең маңыздысы, итке дұрыс қарау керек деп ойлаймын. Ит жеті қазынаның бірі деп айтады. Адамның досы деп айтады. Сол сияқты түсінеді бұлар да. Адам сияқты мінез-құлқыңды. Не айтасың, соны орындауға тырысады.

Төбеттер уақытылы ветеринарлық тексерістен өттіп тұрады. «Таза қанды төбетке дүкендегі ит тағамдарын бермейміз. Себебі ол қоспалар бауырына зиян болуы мүмкін», - дейді итбегі. Заманбектің айтуынша, басты мақсаты –қазақы төбет тұқымын сақтап, санын көбейту.

Заманбек Дәріпхан, ит асыраушы:

- Қазір қай ауылға барсаң, бұралқы иттер көп. Солардың орнына, өзіміздің шопандардың қасында керемет, даланың бір көркем бейнесін келтіріп, төбеттеріміз жатса қандай тамаша. Болашақтағы мақсатым қазақтың төбетін дамыту. Бүкіл әлемге таныту ғой. Біздікі деп мақтана алатындай.

Нағыз қазақы төбеттер қасқырдан қаймықпайды. Жатқан жерін былғамайды. Аңшылыққа шыққанда сенімді серік, малға қорған. Ит жеті қазынаның бірі саналады. Ал төбет пен тазы – малды ауылдың келбеті, аңға сес. «Президент төбет тұқымын сақтап қалуды тапсырды. Енді бұл бағытта нақты бағдарлама жасалса», - дейді Заманбек Дәріпхан.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.