Жетісу облысының бағбандары тоған салып беруді сұрайды

Су қоймасы салынса 2 мың гектардан астам аумақ жемісті баққа айналады. Айдарлы ауылдық округіндегі су тапшылығы мәселесі де түбегейлі шешілер еді. Жаркент маңындағы бағбандар тоған салып беруді сұрайды. Қазір олар мың гектардан асатын алқаптағы ағаш бұтақтарын кесіп, көктемге дайындап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

- Жеміс беретін бұтақтарды алып қаламыз. Жемісі жоқ бұтақтарды алып тастаймыз.

Жұлдызай Ақынова жеміс ағаштарына көшет кезінен бері күтім көрсетіп келеді. 7 жыл бұрын қарапайым жұмысшы болып кірген еңбекқор жан – қазір учаске бригадирі. Қарамағындағылармен бірге бақтың 100 гектардан астамына жауапты. 

Жұлдызай Ақынова, учаске бригадирі:

- Күніне бір адам 500-600 ағаштың бұтақты кеседі. Ол жерде бұтақ көп қой. Соны айналдыра тазалап шығады. 9-10 мыңға дейін табады ғой.

Биылғы қыс бағбандар үшін қолайлы болды. Бүршіктің жасыл болып тұрғаны – соның айғағы. Енді олар үсік жүрмесе екен деп отыр. Көктем ойдағыдай өтсе, жаздай күтіп-баптап мол өнім алудан үмітті.

Тұрсынмәмед Абдулдаев, бас агроном:

- Шиеден 370 гектар. Одан 400 тонна шығады деп ойлаймын. Алмадан 530 гектар. Одан гектарына 10-15 тонна шығады. Сонда 7-7,5 мың тонна шығады.

Мың гектарлық жеміс бағы тамшылатып суарылады. Соған қарамастан жазда тіршілік нәрі жетпей қалады, - дейді шаруашылықтағылар. Сол себепті олар арықтарды суға толтырып, ылғал сақтау тәсілін қолданып жатыр. Тапшылықты болдырмау үшін су қоймасын салу керек.   

Қанат Хабиұлы, Айдарлы ауылдық округінің әкімі:

- Бақты ұлғайту үшін су қоймасын салу жоспарда бар. Техникалық экономикалық негіздемесі жасалды. Қаржы бөлінгенде бұл жоба іске асады деп сенімдеміз.

Егер су қоймасы салынса, шаруалар 2 мың гектардан аса жерді жеміс бағына айналдырмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.