Қостанай облысындағы А. Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды су шайып кетті

Алайда Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды су шайып кетті.

Қазір тұрғындар жайылған суды қайықпен кешіп жүр. Бұл жолдың көршілес Ақкөл елді мекені ортасындағы бөлігі. Яғни Жыланшық өзенінің Ақкөл көліне құяр сағасы. Енді тұрғындар үйлеріне көлікпен жету үшін жолсыз даламен жүріп, 60 шақырым үлкен көлді айналып келуге мәжбүр. Ал тура жүргенде Ақкөл мен Ахмет ауылының арасы небәрі он шақырым. Қос ауылда 500-ге жуық адам тұрады.

Азамат Орымбаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Шұбалаң-Қарасу тасжолында екі жерден су өткен. Арасы 100-150 метрдей екі ағысы бар. Тереңдігі 30-50 см. Қазір Жыланшық өзенінде су деңгейі бірқалыпты. Ақырын-ақырын түсіп жатыр. Осы 4-5 күннің ішінде су Ақкөл жағына қарай тартылады.

Елді мекендер арасындағы жол қатынасының үзілгеніне қарамастан тұрғындарда ешқандай уайым жоқ. Керісінше, Жыланшықтың тасығанын молшылықтың нышаны деп бағалап отыр.

Қасқырбай Кенжеғұлов, Ахмет ауылының тұрғыны:

- 2005 жылы осындай болып еді. Биыл тағы осындай су келіп қаптап, ауыл бүкіл ел, халық қуанып жатыр. Жақсы. Ешқандай қиыншылық көргеніміз жоқ. Судың келгені бұл үлкен байлық қой.