Риддер қаласында тағы да төтеше жағдай жарияланды. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Риддер жылу электр орталығындағы жағдай күн санап ушығып барады. Кеше ғана № 6 қазандық аймағында жанармай беру галереясында ұсақ дисперсиялы көмір шаңының жарылысы болды. Оның қуаты шамамен 80 шаршы метрлік қоршау құрылымын қиратып жіберген. Бұдан аз уақыт бұрын жоғары қысымдағы төртінші және бесінші қазандықтан өрт шықққан еді. Осылайша, қазір 2 қазандық жұмыс істеп тұрса, төртеуі жөнделіп жатыр. Жүйедегі жылу мөлшері 35-40 градусты ғана көрсетіп тұр.
Аймақ басшысының айтуынша, жылу станциясының жаңа иесі бейқамдық танытып отыр. Көмірмен, электр энергиясымен, мазутпен қамтамасыз ету бойынша мәселе көп. Мекеменің кредиторлық берешегі 3 млрд теңгеден асып кеткен.
Жылу орталығына Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басшылығы аттанды. Олар технологиялық заңбұзушылыққа тергеп-тексеру жүргізеді. Нәтиже 10 күннен соң белгілі болады. Ал әзірге Риддер жылу мекемесіндегі жағдай жергілікті билік бақылауында.
Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:
- Біз станциядағы жағдайды басқаруды өз жауапкершілігімзге алуға мәжбүрміз. Бүгін ғана кәсіпорынды мазутпен, көмірмен және электр энергиясымен қамту мәселесін шештік. Бұның барлығы жылу маусымын аяқтауға септігін тигізетін ең маңызды шаралар деп санаймыз.
