Ақтөбе облысының екі ауданында төтенше жағдай режимі әлі сақталып тұр

Ақтөбе облысының екі ауданында жарияланған төтенше жағдай режимі әлі алынған жоқ. Ойылдың бойындағы Қаратал ауылында су қайтқан. Дегенмен 11 үй мен 12 қора-қопсы зақымданған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Қобдада 13 баспана әлі суға мелдеп тұр. Жалпы, бұл елді мекендегі 80-ге жуық үйге су кірген. Тұрғындар эвакуациялық орталықтар мен тума-туыстарын паналап отыр. Екі ауданда да жағдайды төтенше жағдай бөлімдері бақылап, халыққа барынша көмек жасап жатыр.

Бұдан бөлек, тағы 4 ауданның ахуалы алаң туғызды. Өйткені күн күрт жылынуынан Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау аумағында қар тез ери бастаған.

Құмар Тұрмағамбетов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Әрине, ол жақта Петропавл елді мекені бар, Қосестек елді мекені бар, Хромтау ауданында Майтөбе, Көктау елді мекендері және Мәртөкте Мәртөктің өзі бақылауда тұр. Жалпы, аудандарда қардың көлемі төмендеп жатыр. Күрт еріп, қатты суға айналуы мүмкін. Бірақ енді қазір ондай қауіп төмен. Себебі қазір жердің тоңы да төмендеді. Сол себептен осы судың бәрі жерге сіңіп кетуі мүмкін.