Ақтауға Ираннан туристер келді

Ақтау халықаралық әуежайына Тегераннан алғашқы чартерлік рейспен 137 жолаушы ұшып келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әуе айлағының ұжымы шетел азаматтарын ұлттық сусын, бауырсақ ұсынып қарсы алды. Туристер Каспий жағасындағы қонақүйде бір апта демалады. Осы уақыт аралығында Маңғыстау өңірінің көрнекті жерлерін аралап көрмек. Биыл жергілікті туроператорлар саяхаттаушыларды 176 бағыт бойынша тарихи-мәдени орындарға апаруға дайын.

Айта кетсек, былтыр елімізде Иран, Қытай мен Үндістаннан келетін туристер үшін визасыз режим енгізілген болатын. Осы мемлекеттердің азаматтары Қазақстан аумағында 14 күнге дейін тұра алады.

Садаф Рашиди, турист:

- Бұл – қазақ жеріне алғашқы сапарымыз. Әз Наурыз мерекесінде қасиетті жерге келгенімізге қуаныштымыз. Маңғыстау өңірін туристер «ашық аспан астындағы мұражайға» теңейді. Осы пікірдің қаншалықты шындыққа жанасатынын өз көзімізбен көруді ұйғардық.

Гүлсім Жариева, облыстық Туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Қазақ қандастарымыз да бар, ирандық туристер де бар. Өңіріміздің туристік әлеуетімен, тарихи-мәдени ескерткіштерімен, музейлерімен танысатын болады. Жалпы, биылғы жылы көптеген туристерді қабылдауды күтіп отырмыз және қабылдауға дайынбыз.