Ақтөбе облысында 200-ден астам ауыл тұрғыны жеке кәсіп ашқан

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 200-ден астам ауыл тұрғыны жеке кәсібін ашқан. Жаңа бизнес жобаларды қолдауға мемлекет есебінен едәуір қаражат бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, тек Темір ауданының өзіне 58 млн теңгеден астам қаржы аударылды. Бұл – 10 тұрғынның бизнес жоспарын жүзеге асыруға арналған сома. Жоспарға сай тағы 200-ге жуық азамат жеңілдетілген несие алып, шағын және орта бизнесін дамытады.

Максим Чирков бала күнімнен бау-бақша егіп, көкөніс өсіруді ұнатамын дейді. Осыдан 4 жыл бұрын маусымдық жылыжай жасап алған. Бұл күннің қызуы тоңға өткен көктемнен бастап, бозқырау түскенге дейін бейқам өнім алуға мүмкіндік береді. Сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, қосымша нәпақа табу үшін мемлекеттік қолдауға иек артуды жөн деп шешкен. Бизнес-жоспарымен танысқан құзырлы комиссия мемлекет есебінен 5 млн 400 мың теңге қаржы бөліпті.

Максим Чирков, Темір ауданы тұрғыны:

- Қазіргі таңда 2 жылыжайым бар. Осыны ұлғайтқым келеді алдағы уақытта. Бұл – жылыжай маусымы. Мен үлкенін салғым келеді. Жылу жүйесімен, қысқы қылып салғым келеді. Өсімдіктерді қазір мен үйде «стеллаждарымның» үстіне отырғызып жатырмын. Бәрі шығып жатыр. Бұйырса, осы сәуірдің ортасында жылыжайға егемін.

Жалпы, Темір ауданының 200-ге жуық тұрғыны өңірде биыл жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаға қатысуға ниетті. Құны 790 млн теңге болатын 161 жоба әзірленген. Комиссия назарына 29-ы ұсынылып, 10 жаңа кәсіпке қаржы бөлініп үлгеріпті. Ауданда шағын және орта бизнестің дамуы қарқынды. Бұған мемлекет тарапынан түрлі қаржылай қолдау түрткі болған.

Жандәулет Қойшыбаев, Темір ауданы әкімінің орынбасары:

- Былтырғы жылы 103 жоба, 927 млн теңге көлемінде несие алып, өзінің кәсібін әрі қарай дамытуға, инвестициялау мақсатында несие алды. Бұдан басқа осы кәсіпкерлерді қолдау аясында мемлекет тарапынан гранттар беріліп жатыр 500 АЕК көлемінде. Былтыр 39 кәсіпкер 46 млн көлемінде қайтарымсыз грант алса, биыл 40-тың жобасында тағы грант береміз деп жоспарлап отырмыз.

Қазір Ақтөбе облысы тұрғындары ұсынған 584 жобаның бизнес-жоспарын комиссия зерделеп жатыр. Бұған дейін 227 кәсіпке қолдау көрсетіліп, 6,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл өңірдің шағын және орта бизнесіне қосылар жаңа лек болары сөзсіз.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.