Қазақстандық оңалту медицинасы Оңтүстік Кореяда талқыланды

Сеулде Ммдикал Корея атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған біздің елдің Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты. Соңғы жылдары науқастарды оңалтуға бөлінген қаржы 5 есеге артып, 70 млрд 600 млн теңгеге жеткен. Дегенмен салада мамандар жеткіліксіз. Республика бойынша тек 830 реабилитолог қана бар. Ал отандық дәрігерлер әлі күнге Кеңес одағының стандарты бойынша дайындалады. Осы себепті халықаралық стандарттарға сай оқыту мақсатында Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінде 2019 жылы корей мамандарымен бірлесіп, оңалту кафедрасы құрылған. 2020-2022 жылдар аралығында Кёнбук университеті және Корей қорымен келісім бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары Тэгу қаласында тағылымдамадан өтті. Ал былтыр эрготерапия және кинезотерапия мамандары біліктілігін арттыратын қазақ-корей ғылыми орталығы ашылды.

Ғалия Жанаспаева, жоғары білікті медициналық оңалту дәрігері:

- Денсаулық сақтау министрлігі арнайы ақша бөліп, мамандарымыз Литваға барып келді. Олар біраз нәрсені көрді. Бірақ бұдан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Ал нәтижелі болу үшін оқытушыларды дайындау ісіне қаржы салу керек. Екіншіден, еңбек нарығына келетін жас мамандарға қолдау көрсету қажет. Осыған байланысты «Корея қорымен» бірлескен жоба қолға алынды. Әзірге бұл жобаға Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің оқытушылары тартылды.