Алматыда «Бақытыңды аяла» фильмінің тұсаукесері өтті

Танымал режиссер Еркін Рақышевтың кезекті фильмінің тұсауы кесілді.

«Бақытыңды аяла» деп аталатын картина жастар арасындағы мейірімділік, қоғам тәрбиесін насихаттайды. Көрерменге ой салатын фильмнің премьерасы Алматыдағы кинотеатрлардың бірінде өтті.

«Бақытыңды аяла» фильмі Қуат пен Аружанның таныстығымен басталады. Коронавируспен күрес ауруханасына ерікті болып жұмысқа тұрған басты кейіпкер өлім аузында жатқан қызды жасанды дем алдыру арқылы аман алып қалады. Әрмен қарай жастар арасында сезім оянып, махаббатқа ұласады. Қаладағы мейрамханада даяшы болып жүрген жас актер Абай Мәжитті режиссер Еркін Рақышев байқап, жұлдызын жаққан.

Абай Мәжит, актер:

- Түріктің сериялдарын көрдім, Кореяның сериялдарын көрдім. Өйткені, тип соған ұқсас болады, деді. Сөйтіп, алты айдай дайындалдым өзім.  Жаттығуларды да жасап, түнгі 12-де залға барып, таңғы алтыда тұрып барып. Одан кейін ресторанда даяшы болып жұмыс жасап, сөйтіп өзім дайындалдым.

Қос кейіпкердің махаббаты түсініспеушілік пен шытырман оқиғалардан тұрады. Олар тағдырдың сынағына төтеп беру арқылы сезімдерінің шынайы екенін дәлелдейді.

Еркін Рақышев, фильм режиссері:

- Халыққа ой салу. Мейірімді болып жүрейік, бір-бірімізге қол ұшын беріп жүрейік, жәрдем беріп жүрейік. Мына жапондар айтады; "халықтың бір-біріне көмектесіп жүргені мемлекеттік дамуының негізін қалайды" дейді. Көрдіңіз ба, осыны халыққа ой салып, адамдарымыз, еліміз, жұртымыз жақсы болын деген ниет қой.

«Бақытыңды аяла» фильмі кәсіпкерлердің қолдауымен жарты жылда түсірілген. Таяуда үлкен экранда көрерменге жол тартады. Одан кейін отандық телеарналар мен ютубтан да көрсетіледі.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик жакупов