Ақтөбе облысында балық шаруашылығы дамып келеді

Ханбалыққа ден қойған қария. Ақтөбе облысында 70 жастағы қария балықтың осы түрін өсіруді қолға алып отыр. Қарғалы ауданында басталған іс бүгінде өңірдегі тың жобалардың қатарында. Қазір қожалыққа қолдау көрсету қарастырылып жатыр. Ханбалық өсіп, айналымға шығарылса, нарықтағы сұранысты қамтуға да үлес қоспақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ханбалық өсіруді қолға алған Алтай Исмайылов бұл іске осыдан бірнеше жыл бұрын кіріскен. Алғашқыда табиғаты әсем, жері құнарлы Қарғалы ауданынан қажетті учаскені 2 жылға, кейін 5 жылға келісіммен алған. Ал арманының жүзеге асатынына еш күмәны болмапты. Себебі инкубациялық әдіс арқылы уылдырықтан алынған шабақтар тез өсе бастаған.

Алтай Исмайылов, кәсіпкер:

- Арманым осы форелді өсіру, жайлап-жайлап бар ақшамды салып, уылдырықтан бастадық. 2 рет Алматыға бардым. Қыр-сырын біліп, оқып. Мынау өте бәле балық. Кәшкентай сәби сияқты. 88 ауруы бар бұл балықтың.

Бұл балық түрі өте нәзік болғанымен, нарықта сұранысқа ие. Елдің әр өңірінде өсіріп жатқан шаруаларға алдын-ала тапсырыс беру де қалыпты үрдіске айналған. Ал Ақтөбе аймағында бұл кәсіп түрі тың жобалардың қатарына енген. Алтай Исмайылов күзде ханбалықты саудаға шығармақ ниетте. Сол кезде әрқайсысының салмағы да бір келі шамасында болмақ. Ал оған дейін жасанды тоғандар салып, балық санын көбейту көздеп отыр. Себебі нарыққа кеткеннің орнын өзге партиямен толтыру қажет.

Алтай Исмайылов, кәсіпкер:

- 50 тонна шығару үшін мынаны көбейту керек. Оған көп инвестиция керек, мына бассейндер қымбат. Бетон жұмыстары, үйінді, цемент әкелу керек. Сондықтан «ауыл аманатқа» қазір мына СПК аштық .

Қарғалы ауданы балық шаруашылығын дамытуды қалыпты жолға қойған. Бүгінде мұнда 15 шаруа дәл осы кәсіп түрімен тұрақты түрде айналысады. Негізінен сазан, табан, бекіре, тұқы өсіреді. Кейбірінің тәжірибесін өзге аудандарға тарату жүзеге асып жатыр.

Айсұлтан Кеңбейілов, Қарғалы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Жалпы, аудан бойынша бізде табиғат жағынан өте қолайлы 70-ке жуық су айдындары бар. Қазір шетінен зерттеліп, шаруашылыққа бекітіліп, пайдалануға беріліп жатыр. Жалпы, бүгінгі күнге 24-ке жуық су айдындары жалға беріліп, балық шаруашылығымен айналысып жатыр. Былтырғы жылы соның ішінде Қарғалы су қоймасы осы облыстағы. Онда торлы балық өсіру қолға алынып жатыр. Сонымен қатар қазіргі уақытта басқа да су қоймалары, бұрынғы карьерлердің орындары балық шаруашылығына зерттеліп, беріліп жатыр.

Балық шаруашылығына ден қойған кейбір қожалықтар қазір бұл кәсіп арқылы туризмді өркендетуге де үлес қосып отыр. Ал ондаған жылдық тарихы бар шаруашылықтардың бірі өнім өңдеп, дайын тауарды көбейту үшін шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.