Ауыл жастары мемлекеттік «Жұмыспен қамту» бағдарламасының игілігін көріп жатыр

Алматы облысында осы бағдарлама арқылы мыңдаған адам өз кәсібін бастады. Ол жағынан Қарасай ауданының тұрғындары белсенділік танытып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алмалыбақ ауылында тұратын Ксения Садовскаяның мамандығы – дәрігер. Косметология ісімен де айналысты. Жеке кәсіп бастап, дене бітімін сымбатты ететін бөлме ашсам деп армандаған. Бірақ қаржы тапшылығы қолбайлау болды. Кейін «Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы арқылы кәсіп бастауға болатынын білді. «enbek.kz» порталы арқылы қайтарымсыз қаражат алуға өтініш жіберген. 2 айлық кәсіпкерлік оқу дәрісіне қатысып, бизнес жобасын сәтті қорғап шықты. Берілген қаржыға бұлшық еттерді нығайтып, ағзадағы майды ыдырататын арнайы құралдар сатып алды. 

Ксения Садовская, жас кәсіпкер:

- Маған «бизнес жобаңызды сәтті қорғадыңыз» деп хабарлағанда, қуанышымда шек болмады. Мемлекетіміздің жастарға қолдау көрсететініне көзім жетті. Сол арқылы жастарды кәсіппен айналысуға ынталандырады. Енді шағын ісімді кеңейтіп, ауқымды жобаға айналдыруға тырысамын.

Жалпы, Қарасай ауданы – өнеркәсіп пен өндіріс дамыған өңір. Кәсіпкерліктің даму көрсеткіші жоғары. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша аудандағы 599 кәсіпкер 66 млрд теңге көлеміндегі қаржылай қолдауға ие болды. Бұл қаржылай қолдау мемлекетік бағдармалар арқылы берілген.

Жасұлан Естенов, Қарасай ауданының әкімі:

- Бұдан басқа жұмысмен қамту бағдарламалы аясында 1400 адам сол бағдарламаларға қатысып, ол жерде өзінің тиісті қайта оқуы бар, әлеуметтік жұмыстары бар, «Жастар тәжірибесі» дейді, сондай жұмыстарға қатысып, өз кәсібін ашуға мүмкіншілік алды.

Аудан тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуға деген талпынысы жоғары. Былтыр 108 адам кәсіп бастап, өз ісін дамытуға кіріскен.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.