«Шымбұлақ» курорты Гиннестің рекордтар кітабына енді

«Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты Гиннестің рекордтар кітабына енді.  Бұдан былай Шымбұлақ «Әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасы» болып аталады. Оны GUINNESS WORLD RECORDS кеңсесінің судьясы Шейда Субаси-Гемиджи ресми түрде растады.

Мамандардың айтуынша, әлемдік рекорд орнату үшін, ең алдымен, курорт қалыпты жұмыс істеуі тиіс. Оған қоса шаңғы тебетін жол Халықаралық шаңғы федерациясының талабына сәйкес келуі керек. Бұл талап бойынша Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін 3100 метр биіктік белгіленген. Ал «Шымбұлақ» теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан. Сондықтан ол әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасы ретінде Гиннес рекордын орнатты.

Шейд Субаси-Гемиджи, GUINNESS WORLD RECORDS кеңсесінің судьясы:

- Қажетті құжаттардың барлығы тексерілді. Шаңғы базасына қатысты ақпаратты түгелдей қарап шықтық. Биіктігі өлшенді. Геодезистер мен арнайы мамандар жұмыс істеді. Трассаны өзіміз сынап көрдік. Жарықтандыру, жолды тегістеу жағына да оң баға беремін. Барлығы талапқа сай шықты. 

Расында, бұл – Гиннес рекордтар кітабындағы жаңа санат. Бұған дейін  мұндай рекордтар ешқашан болмаған. Қазақстандағы тау-шаңғы курорты  бірінші болып тіркелді.

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі: 

- Бұл дегеніміз ішкі туризм және сыртқы туризмді дамыту мақсатындағы жасап жатқан қадамдардың бірі және туристік маусымға қарайтын болсақ, нақты көрсеткіш бойынша тарихта алғаш рет ішкі және сыртқы туризмді қосқанда Шымбұлағымызға 1 млннан аса турист келді. Әлеуетіміз зор. Бұл жұмысты біз министрлік тарапынан әкімшілікпен бірлесіп, кәсіпкерлермен және біздің әріптестермен жалғастыратын боламыз.

Шымбұлақта 2021 жылдың қараша айынан бастап түнде шаңғы тебуге болады. Өткен қысқы маусымда 50 500-ге тарта турист келсе, биыл келушілер саны 55 мыңнан асқан.

Гүлмира Юсупова, қала тұрғыны:

- Көп елді аралап көрдім. Бірақ біздің Шымбұлаққа жетері жоқ. Трасса керемет. Оны мұнда тұрақты түрде келетін шаңғышылардың бәрі жақсы біледі. Осындай мәртебеге ие болып жатқанына қуаныштымын.

Мәди Алдабергенов, қала тұрғыны:

- Мен 18 жылдан бері шаңғы тебемін. Кәсіпқой шаңғышымын. Шымбұлақ Гиннес рекордтар кітабына енуге әбден лайық.

Расында, «Шымбұлақ» – шаңғы тебуге таптырмас жер.  Гиннес рекордтар кітабына енгізлігеннен кейін келушілер саны көбейе түседі деген болжам бар.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов