Солтүстік аймақта қар еріп, қарбалас басталды

Осыған байланысты коммуналдық қызмет екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшті. Қазір жағдай әсіресе «Береке», «Ойқала» және «Жұмысшы кенті»  шағын аудандарында қиындай түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күн жылынып, қар көбесі сөгілсе болды Александр Скачковтың баспанасын су басатын. Жағдай биыл да қайталанды. Қазір осы маңда арнайы техника су сору жұмыстарымен айналысып жатыр. Күндіз-түні атқарылған шаруалардың арқасында қауіп сейілді.

Александр Скачков, қала тұрғыны:

- Кеше күндіз қар суы 30-40 сантиметрге дейін көтеріліп, бірнеше бөлмелерге жайылды. Тіпті аулада аяқ алып жүру қиындап кеткен еді. Қазір жағдай реттелді.

Коммуналдық қызметшілер қатып қалған суағарларды ыстық бу жіберу арқылы тазартып жатыр. Жұмыс әсіресе шеткі аудандарда қызған.

Владимир Сыроватский, қала тұрғыны:

- Бастысы біздің көшеден қарды уақытында шығарып үлгерді. Әйтпесе, жағдай тіптен қиындап қиындап кетер еді. Тынбай еңбек етіп жүрген мына жігіттерге алғысымызды білдіреміз.

Су өткізетін құбырлардың көбі қоқысқа толып қалған. Сондықтан жауаптылар жергілікті тұрғындарды немқұрайлы болмауға шақырып әлек.

Арман Есергепов, коммуналдық мекеменің қызметкері:

- Шыны бөтелкелермен пакеттерге дейін шығып жатыр. Әрең дегенде тазартып алып жатырмыз.

Қаладағы су сору жұмыстарына 48 техникамен 100-ге тарта адам жұмылдырылды.

Эльмира Сәдуақасова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Диспечерлік орталығына 293 өтініш келіп түсті. Тұрғындардың барлығы жолдағы суды, ауладағы суды және сарайдағы суды сорып алу бойынша хабарласып жатыр. «Жұмысшы кентінде» орналасқан 5 үйге су кірді. 

25 наурыздан бері жеке секторлардан 45 мың текше метрден астам су сорылды. Ал қалада 3 эвакуациялық пункт әзірленді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.