Жезқазғанда бұралқы ит қаптап барады

Жезқазғанда бұралқы иттер қаптады. 

Қазір жергілікті билік оларды аулаумен айналысатын жаңа ұйыммен шарт жасады. Алайда мәселенің шешілер түрі жоқ.

Бұл Жезқазғанның іргесіндегі Бекболатсай шағын ауданы. Шамамен 4 мыңға жуық тұрғыны бар. Соңғы уақытта мұнда қаңғыбас иттердің көбеюі халықты алаңдатып қойды.

Ерасыл Қабжан, оқушы:

- Менің апамды бір ит талаған. Мен көшіп келген екі жыл ішінде болота жақта иттер көбейіп кетті. 10-15 иттер жүреді. Ұйқы бермейді адамға шуылдап.

Қараусыз қалған иттер балаларға шабуылдап, зейнеткерлердің үрейін алған. Олардың көбі иесіз емес. Жергілікті халық үй жануарларын ұстау ережесін елемейтін тұрғындарға шара қолданылса дейді.

Қайрат Күштібаев, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Көшеде балаларымыз сабаққа бара жатқанда, таңертеңгілік уақытта жиналған иттер көп. Оншақтыдан, бес-алтыдан жүреді.  Қашанғы әке-шешесі балаларды шығарып салып жүреді.

Жағдайдың ушығуына байланысты, осыған дейін қаңғыбас иттерді аулаумен айналысқан мердігер ұйыммен шарт бұзылды. Міндетін дұрыс орындай алмаған. Ендігі үміт жақында ғана келісімге отырған жаңа ұйымда. Бірақ, оның да мүмкіндігі аздау көрінеді. Ұйым қызметкерлері күніне 7 иттен аулап отыр. Одан артығын сақтайтын орын жоқ. 

Константин Гентвилас, жеке кәсіпкер:

- Бізде қажетті құралдар жеткілікті. Тек орын аз. Иттерді ұйықтататын дәрімен, оқталған шприцтермен жабдықталған бір экипаж күнделікті жұмыс істейді. Аулаған иттерді осында әкеліп, ережеге сәйкес 3 тәулік ұстаймыз. 

3 тәулік ішінде иесі табылмаған иттердің көзі жойылады. Алайда бұл мәселені толық шешетін жол емес дейді жауапты мамандар. Сондықтан елімізде ит-мысықтарды чиптеу жұмыстары қолға алынған. Егер қожайыны арнайы белгі салынған жануарды қаңғытып жіберсе, дереу анықталып, жауапкершілік арқалайды.  

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева