Қостанай облысындағы жылқы зауытының тағдыры қыл үстінде

Қостанайдағы 135 жылдық тарихы бар жылқы зауытының тағдыры қыл үстінде.

Мұнда ұрықтандыру зертханасы сегіз жыл бойы тоқтап тұр. Білікті кадрлар жоқтың қасы.

Еліміздегі жалғыз мемлекеттік жылқы зауытының қазіргі күйі осындай. Қылқұйрықтылар саз балшықта, әбден тозығы жеткен қоршаулардың ар жағында серуендейді. Кезінде шаруашылықта 300-ден астам асыл тұқымды жылқы болған. Қазір соның 50-і ғана қалды. Тұрақты қаржыландырудың болмауынан жабдықтардың бәрі ескіріп, зертханадағы құрал-жабдықтар талан-таражға салынып жабылды. Мұның бәрі жылқы басын көбейтуге кедергі. Бар үміт қолда бар санаулы айғыр мен биеде.

Айгүл Амандықова, "Қазақ тұлпары" жылқы зауытының басқарма төрағасы:

- Бие 25 бас болды. Мен келгенде төрт қана бие болған. Өйткені инфекция туындағаннан төрт бие қалды. Енді бізде 25 бас. Сонымен жұмыс жасаймыз. Төрт айғырымыз бар.

Ұзақ жүріске, тебіндеп жайылуға төзімді қостанайлық жылқыларды сақтап қалуда селекциялық қатаң іріктеу болу керек, деп есептейді зауыт басшылығы. Осы ретте білікті мамандарды тартып, қаржыландыруды ұлғайту кезек күттірмейтін мәселе.

Айгүл Амандықова, "Қазақ тұлпары" жылқы зауытының басқарма төрағасы:

- Бізде қаржыландыру базасы осы жылдан тоқтап қалды. Өйткені ғылыми жобалар болмаса, осы кәсіпорынға қаржы берілмейді деп сондай шектеу қойды. Жылқы зауытымызды президент қолға алып, тікелей Астанамен жұмыс жасап нақты-нақты селекциялық жұмыстармен айналысып, бізге тиесілі ақшаны аударып селекция жасап, сынақтан өтіп әрі қарай даму.

Кадр тапшылығы да өткір мәселе. Зоотехник, ветеринар жоқтың қасы. Одан қалды жалақы мардымсыз.

Сейдазым Бөкеев, жұмысшы:

- Кейінгі кезде бермей жатыр. Айлығы 120-130 мың. Аз енді. Адамдар келмей жатыр жұмысқа. 21 Жұмыс енді кейде қиын, кейде жеңіл болады әртүрлі.

Қазақтың қазанатын қайта түлету үшін бәйгелер ұйымдастырып, ұлттық спорт сүйер қауымның қызығушылығын арттыруда атқарылған жұмыс аз емес. Бапкерлер қостанайлық жылқы тұқымдарын жарыстарға дайындауды бастап кетті.

Игілік Қарманов, атбегі:  

- Екі жыл өтті. Үшінші жыл биыл тағы да 80 млн жүлде қорына тағы ақша бөлінді. Екі жыл бұрынғы жағдайдан гөрі биыл міне үшінші жыл жеке қолда азаматтар өсіріп жатыр, ұстап жатыр. Жаңа жарысқа қатысып жатыр. Енді бұл үлесін қосып жатыр деген сөз ғой.

Тұралап қалған жылқы зауытының жан-айқайы депутаттарға жетті. Кәсіпорынға қолдау мемлекет деңгейінде көрсетілмесе, бір-екі жылдың ішінде жирен қасқалар тұқымдарының жойылып кету қаупі бар.

Ғауез Нұрмұхамбетов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазір жылқы зауыты ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағында. Бірақ ешқандай ілгерілеушілік байқалмайды. Қостанайлық тұқымды сақтап қалу жөнінде Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдадық. Мақсатымыз арнайы заң қабылдау. Бұның алдында тазы мен төбетті сақтау заңмен бекітілді ғой. Сол сияқты асыл тұқымды жылқыларды сақтап қалуымыз керек. Осы ұсыныстың қабылдануын күтеміз.

Заң мақұлданғанша, шаруашылық өз күнін өздері көреді. Бұдан басқа амал жоқ. Ең маңыздысы - зауыттың бұрынғыдай Президент әкімшілігінің қарамағына берілуі. Сонда ғана аяққа тік тұратын үміт оты қайта жанады деуге негіз бар, дейді зауыт ұжымы. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров