Елде түрмеге телефон алып кіргендер жазаланады

Елде түрмеге ұялы телефон кіргізуге жол бергендер және тыйым салынған байланыс құралдарын қолданғандар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу көзделіп отыр.

Бұл жайында Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басшысының орынбасары мәлімдеді. Мейрам Аюбаевтың айтуынша, заңнамалық норма әзірленген және ол таяуда Үкіметте талқыланады. Түрме басшылары енді өз территориясында заңсыз қосылған байланыс желісін бұғаттай алады. Кейінгі үш жылда сотталғандар арасында ұялы телефон қолданылуымен 12 қылмыс жасалған, арасында лаңкестік сипаттағы әрекеттер де бар. бүгінде елде теріс діни ағымға бет бұрған 500-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр. Олардың 300-ден астамы экстремистік және террористік қылмыс үшін сотталған.

Мейрам Аюбаев, ҚР ІІМ ҚАЖК төрағасының орынбасары:

- Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкері де, өзге азаматтар да түрмеге ұялы телефон кіргізсе жазаланады. Наурыз-сәуір айларында мәжілістің қарауына енгізілетін жаңа заң жобасында осындай ұсыныс қарастырылған. Қабылданған жағдайда сотталғандардан да, қызметкерден де ұялы телефон табылса жауапкершілік жүктеледі. Түрмелерде телефондар бар, өткен жылы қамауда жатып, алаяқтықпен ақша ұрлауға тырысқан фактілер тіркелді.

Түрме қызметкерлерінің жалақысын көтеру ұсынылды

Сондай-ақ, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілдері түзету мекемелеріндегі азаматтық қызметкерлердің жалақысын арттыруды ұсынды. Қазір ондағы есепші, психологтар мен заңгерлердің айлығы 110 мың теңгеден аспайды. Алайда олар офицерлік құраммен қатар сотталғандармен де жұмыс істейді.