Президент іс басқармасы медициналық орталығы тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетуде

Президент іс басқармасы медициналық орталығының жетекші мамандары ақмолалық 340 тұрғынға тегін медициналық көмек көрсетуде.

Оның ішінде сұранысқа ие  нейрохирург, аритмолог,  кардиохирург сынды 35 дәрігер бар. Олар тұрғындарға тек практика жүзінде ақпарат беріп қана қоймай, консультациялық көмек те беруде.  Сондай-ақ, аймақтағы медицина саласының  мамандарымен өзара тәжірбие алмасып, шеберлік дәрістерін  өткізіп жатыр. Орталық басшысы Алексей Цой шаһардағы ауруханаларға арнайы барып, техникалық базасымен танысты. Себебі күрделі операциялардың дені осы ауруханаларда жасалады. Алекцей Цой облыс әкімімен де кездесіп, ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Енді екі тарап келісімшарт негізінде медициналық байланыс көкжиегін кеңейтпек. Бастысы ақмолалықтар осы орталықта тегін медициналық көмек алу құқығына ие болды.

Алексей Цой, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының басшысы:

- Бірқатар жаңа әдістер мен операциялар бар. Әсіресе, адам ағзасы мен тәнін аз жарақаттайтын оталар өте тиімді. Біз жергілікті дәрігерлерге сол тәсілдерді үйретіп жатырмыз. Тек теория түрінде ғана емес, практикалық тұрғыда да көрсетеміз. Нәтижесі жаман емес. Алғаш ота жасаған науқастардың қазіргі жағдайы жақсы.