Оралда 45 шақырым жол жөнделеді

Оралда автожолдардың сапасы жұртты әуре-сарсаңға салып отыр. Әсіресе Шолохов бойындағы трасса тіптен сын көтермейді. Ал облыс бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың жартысынан көбі жөндеуді қажет етіп тұр. Биыл аймақта 300 шақырымнан астам жолды жаңғырту жоспарланған екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

- Жол деген – осы, міне. Берекетті алады. Доңғалақтан доңғалақ қоймайды.

Бұл – қаладағы Шолохов көшесі. Мұндағы айналма жолдың сау-тамтығы қалмаған. Шұрық-тесік асфальт жүргізушілерді біраз жылдан бері әуреге салып келеді. Көлік апаты да жиілеп барады.

Әбілсейіт Кадисов, жүргізуші:

- Өте нашар, өте. Тесіліп жатыр. Машиналар соғылады, сынады. Сондай жағдай. Жыл сайын осындай болады.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, биыл шаһарда 45 шақырымнан астам жол жөнделеді екен. Соның ішіне дәл осы Шолохов көшесі де енгізіліпті. Құрылыс көп ұзамай басталмақ. Жоба жер қойнауын пайдаланушы компанияның әлеуметтік аударымдар есебінен жүзеге асырылады. Ал бюджет қаражатымен әзірге Гагарин көшесінде ғана жаңғырту жұмыстары басталып кетті.

Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда Шолохов көшесі 4 жолақты болса, жаңа жобаға сәйкес 6 жолақты болады. Екі жағынан жарықтандыру жүргізілетін болады. Жүктемесі ең көп 8 магистральді, үлкен көшелерді орташа жөндеу жұмыстарын, қазіргі таңда толықтай конкурстық процедуралар бітті. Одан бөлек, қаламыздың бірінші бөлігінде, оның ішінде Зачаганск кентінде, Деркөл кентінде және Ескі әуежай орталығында 10 жоба жүзеге асырылатын болады.

Ал облыстық және аудандық жолдардың құрылысына биыл ел қазынасынан 26,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат 329 шақырым жолды жаңғыртуға жұмсалады. Сала басшысының мәліметінше, былтырғыдай қиыршық тас пен битум тапшылығы биыл бола қоймайды.

Айдар Менеев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Биыл жүзеге асатын жобаларымызды былтыр күзде (тендер) ойнатып қойып, қыс бойы біздер материал тасумен жұмыстанып жатырмыз. 70 мың тонна «щебень» алып келдік, яғни 27%-ін. Бұл жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Енді битум тапшылығы да былтыр орын алды. Қазір Ресей федерациясынан битум алуға рұқсат берілді. Бүгінгі таңда бізде қазір облысымыздың барлық қоймалары битумға толып тұр.

Аймақта жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 4700 шақырымнан асады. Соның 46%-інің ғана сапасы қанағаттанарлық. Биыл жаңғыртылатын трассалардың ішінде тек «Тасқала-Аққурай-Болашақ» жолының құрылысы аяқталмақ. Ал қалғанын тапсыру мерзімі келер жылдардың еншісіне қалады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.

Сондай-ақ...