Шығыс Қазақстандағы Белоусовка кентінің тұрғындарын мұндағы кен орнының болашағы алаңдатып отыр. Өйткені кәсіпорын басшылығы қор таусылғандықтан, шахтаны суға толтырмақшы. Алайда жергілікті жұрт шахта суға толса, ол жерасты суын ластауы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Осылайша, кент халқы 3 ғасырлық тарихы бар кен орнын қайтсек те сақтап қалуымыз керек деп санайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Белоусовка кен орнының болашағына алаңдаған жұрттың айтары көп. Сондықтан қоғамдық тыңдау ұйымдастырып, барлық маман мен сарапшылардың басын қосты. Мұндағы шахтада жергілікті тұрғындардың тең жартысы жұмыс істеген. Енді оның суға толтырылуы көпшіліктің көңіліне қонбады.
Бар гәп бұл жердегі кен қорының таусылуында, - дейді кәсіпорын басшылығы. Ал өндірісті жалғастыру үлкен шығынға әкеледі.
Дамир Айтқожинов, кәсіпорын басшысы:
- Біз негізі осы жерге қатысты келісімшартты әлі 12 жылға созбақшы едік. Алайда құрылтайшылар қосымша зерттеулер мен есептер жүргізіп, бұны тиімсіз деп санады.
Инженер-геолог Станислав Кушнарев те өзінше есеп-қисап жүргізіп көрген. Оның ойынша, консервациялау әдісі қымбат әрі қауіпті. Тіпті экологиялық кері әсері болуы мүмкін екенін де жасырмайды. Сондықтан шахтаны суға толтыруға үзілді-кесілді қарсы.
Станислав Кушнарёв, инженер – геолог:
- Өз бетімізше мамандармен бірге қарап көрдік, шахтаны суға толтыруға болмайды. 8 ұңғыма қазып, су өздігімен аға береді деу қисынға келмейді. Біздің ойымызды гидролог мамандар да қолдап тұр.
Гидрологтар кен орнын әлі де зерттеуге кеңес береді. Аудандық әкімдік болса, салалық министрліктің шешімін күтіп отыр.
Эльдар Тұмашинов, Глубокое ауданының әкімі:
- Аукцион жариялануы мүмкін, біз осыған орай салалық министрліктің не айтарын күтіп отырмыз. Немесе бұл жердің тағы бір үшінші тұлғаға берілуі де ықтимал. Барлық шешім осы жайттар анықталған соң қабылданады.
Сонымен Белоусовка шахтасын суға толтыру жайлы шаруаға нүкте қойылмады. Дегенмен кен орнының толық мүмкіндігі қандай? Бұл мәселе әлі зерттеледі. Жалпы, ел бойынша геологиялық барлау жұмыстарына 2 млн доллардан астам қаражат бөлінбек.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.
