Жамбыл облысында апатты спорт мектебі жөнделеді

Жамбыл облысында 50 жылдық тарихы бар спорт мектебі апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркісіб ауылында орналасқан спортшылар ғимаратының 60%-і жарамсыз. Қабырғасы қақырап, едені опырылған нысанның жылу қондырғылары да ұрланған. Бұрын мектепте 7 секция жұмыс істесе, қазір 300 бала тек бокс пен күреске қатысуға мәжбүр. 

Жалпы, спорт мекемесі көмірмен жылытылады. Жылы су да жоқ. Сондықтан ауылдықтар заман талабына сай спорт мектебі салынса дейді. Ал жауапты басқарма мәселеден хабардар. Биыл нысанға қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өтетінін мәлімдеді.

Ернұр Кәрібаев, облыстық Спорт басқармасының бөлім басшысы:

- Жалпы, жылдан жылға тозығы жете берген ғой спорт мектебінің. Енді бізге келгеннен кейін біз, біріншіден, ағымдағы жөндеу жұмыстарын өткіземіз деп шешім қабылдаған болатынбыз. Кейіннен тексерген кезде жағдай өте нашар болғаннан кейін, күрделі жөндеуден өткіземіз деп шешім қабылданды.