Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі балалардың қаржысын жымқырған басшы сотталды

Жағдай Қаратау қаласындағы «Үміт» мектеп-интернатында болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мекеме басшысы интернатқа алынуы тиіс арнайы велосипедтің ақшасын қалтаға басқан. Осылайша, орнына техникалық талапқа сай келмейтін, қолдан жасалған құрылғыны қойғаны анықталды. 51 жастағы директор мектепті 7 жыл басқарып жұмыстан бір жыл бұрын босаған. Ал жымқыру дерегі күдікті қызметтен кеткен соң ашылып отыр.

Дәурен Тұрмағанбетов, ЖО Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы:

- Мектеп-интернат директеры ҚР қылмыстық коддекстің 371-бабы бойынша, яғни қызметтік өкілеттілігін теріс пайдаланғаны үшін және соның салдарынан мемлекетке ірі мөлшерде залал келтіргені үшін 6 ай мерзімге шектеуге жазаланды. Келтірілген залал – 1 млн 700 мың теңге мемлекет тарапына қайтарылды.