Түркістан облысында қырыққабат дақылы пісті

Түркістан облысында қырыққабат дақылы пісті. Келес ауданының Ұшқын ауылдық округінде орналасқан өндірістік кооперативтің өнімі сатуға дайын тұр.

Шаруалар қырыққабаттың алғашқы өнімін осы аптадан бастап сауда сөрелеріне шығара бастайды. Ал негізгі бөлігін экспортқа жөнелтпек.

Ұшқын ауылының тұрғыны Мәлік Құрмашев биыл 4 гектар алқапқа қырыққабаттың ерте пісетін сортын еккен. Ақпан айының басында жеңіл жамылғының астына отырғызылған орамжапырақтың көшеті тез тамыр жайып, 2 айға жуық уақытта пісіп, жетілген. Қазір диқан дайын өнімді сатуға әзірленіп жатыр.

Мәлік Құрмашев, шаруа:

- Бұл - Манакко сорты. Голланский сорт. - Бұның тиімділігі неде? -  Ертерек піседі, қымбатыраққа сатамыз деген ниет қой сол. -1 келісін қаншаға өткізуге болады? – Қазір баға ойнап тұр. 250-270 деп тұр. Өткенде 300 деп жатқан. Бұл жерде 40 мың түп егілген. 1 келіден болғанда 40 тонна өнім, 1,5 келі болса 60 тонна болады.

Ұшқын ауылында орналасқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 700 адамның жер үлес пайы біріктірілген 400 гектар жерді тиімді игеріп отыр. Оның 100 гектарына қырыққабат, 40 гектарына баклажан, 20 гектарына болгар бұрышын еккен. Мамандар биыл қырыққабаттан 400 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Одан бөлек, бір алқаптан 3 өнім алу жобасын да жүзеге асыруда. 

Берік Салиев, кооператив төрағасы:

- Дәл қазір мына капуста жұлынады. Бұның орнына қызанақ егіледі. Одан кейін қайтадан күздік қырыққабат егіледі. Сонда үш өнім аламыз.

Жыл он екі ай тыным таппайтын Келестік шаруалар қырыққабаттан бөлек шалғам егіп те, шаш-етектен пайдаға кенелуге болатынын айтады. Қазір Жүзімдік ауылының диқандары ерте пісетін көкөністің алғашқы өнімін жинауға кіріскен. Әр келісін 500 теңгеден өткізу үшін сатып алушылармен келісім де жасасып қойған.

Дәурен Оспанов, шаруа:

- Ридискамыз құдай қаласа дайын болып жатыр. Ертең жұламыз. Сұраныс жақсы болып жатыр. Алушылар келіп жатыр.

Бір айта кетерлігі диқандар егістік алқапты тамшылатып суару әдісімен суарса, тыңайтқышқа биогумус пайдаланады. Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында ерте пісетін картопты 9 мың, пиязды 2 мың, сәбізді 1 мың 240 және қырыққабатты 7 мың 540 гектарға орналастыру жоспарланған. Нәтижесінде 186 мың тонна картоп, 55 мың 500 тонна пияз, 30 мың тонна сәбіз және 187 мың тонна қырыққабат өнімін алу көзделіп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш