Астрономдар Асы-Түрген обсерваториясына жете алмай жатыр

Астрономдар Асы-Түрген обсерваториясына жете алмай жатыр. Оған себеп қар көшкінінің салдарынан үстіртке апаратын жол жабылып қалған.

Обсерваториядан күнделікті ақпарат алып оны жылдам жеткізу біздің негізгі міндетіміз. Алайда жол жабық деп қынжылады мамандар.

Қазақстандық астрофизиктер бірнеше күннен бері алыс ғарыштағы және жер кеңістігіндегі қауіпті объектілерді бақылау құрылғылары орналасқан Асы-Түрген обсерваториясына жете алмай отыр. Күннің күрт жылынуына байланысты таулы аймақтарда топырақ араласқан қар көшкіні жүріп, тас жолды жауып тастаған. Ал мамандар: «Бізге обсерваториядан күн сайын ақпарат алу қажет»,-деп отыр. 

Сәуле Шөмшекова, ғылыми қызметкер:

- Осыдан бір ай бұрын астероид ашылған болатын. ДЗ 2 деген. Және оны 25-ші наурызда ол негізінде ол астероид жерге айдан екі есе жақындау керек болатын орбита бойынша. Ол  яғни, қазір ай орбитасында ұшып жүр. Және де оның диаметрі өте үлкен. Тунгус метеоритінің диаметрінен де үлкенірек. Яғни, 70 метрлік. Осыны бақылауға бізде мүмкіндік болатын 25-ші наурызда.

Бізде қазір халықаралық ынтымақтастық шеңберінде кіші аспан денелерін бақылау бойынша Америка мен Жапония және Тайвань секілді елдермен бірлесе жасаған жобаларымыз тоқтап қалды. «Астрономиялық обьектілерге уақтылы бақылау жүргізу біз үшін өте маңызды»,-дейді мамандар. Ал жергілікті билік өкілдері жолды тазартуға асығар емес.

Жалғас Сүлейменов, Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

-  Қазіргі уақытта нақтылау, қардың көлемін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалай аяқталады аудан әкімімен, облыстық жол басқармасы бірлесіп жол тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Қазір ол жолда жол қауіпсіздігін және жүргіншілердің өміріне қауіп төндірмес үшін бізде қазір ол жол келісіліп басқармалармен, уәкілетті органдармен мекемелермен келісіліп ол жол официально жабық қазіргі уақытта.

Әкімдік қызметкерлері 20-шы сәуірге дейін Асыға баратын тас жол жабық. Обсерваторияға Бартоғай су қоймасы арқылы баруға болады деп отыр. Бірақ ол жол алыс. «Ал астрономдар қазір ауа-райы зерттеу жасауға өте қолайлы, бізге уақтылы ақпарат алу аса маңызды»,-дейді. Астрофизиктерден бөлек, Түрген шатқалында тұрып жатқан тұрғындардың да қаламен қатынауы қиындап кеткен.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев