Қызылорда полициясы 116 қару-жарақты заңсыз айналымнан шығарды

Қызылордалық полицейлер өткен жылы облыс тұрғындарынан 116 қару-жарақ қабылдап, заңсыз айналымнан шығарды.

Іргеде ілулі емес, тасада тығулы жатқан қаруын өз еркімен өткізгендер 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде қомақты қаржы алады. Ол үшін 7 жарым миллион теңге бөлініп отыр. Акция барысында аймақтағы 8 мыңдай заңды қару иесінің мылтықты сақтаудағы қауіпсіздік талаптары да тексерілді.

Нұрмахан Пазылов, ОПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

- Тіркеуде жоқ атыс қаруын, оқдәріні және жарылғыш затты өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Осыған орай облыс тұрғындарының назарына заңсыз сақтаудағы қаруларды, оқдәрі, жарылғыш заттарды полиция бөлімдеріне өткізіп, қарумен жасалатын қылмыстардың және төтенше оқиғалардың алдын алуға өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз.