Жамбыл облысындағы екі ауылда ауыз су желісінің құрылысы бітпей қойды

Жамбыл облысында екі ауылға жүргізілген ауыз су желісінің құрылысы екі жылдан бері бітпей қойды.

Жамбыл ауданына қарасты Бесағаш пен Түрксіб ауылына тіршілік нәрі былтыр берілуі тиіс еді. Бірақ 2021-де басталған құрылыс жұмыстары жарты жолдан тоқтап қалды. 1,4 миллиард теңге бөлінген жоба бастапқыда қарқынды басталған. Бірақ уақыт өте сылбырға салынған, тіпті мердігер жұмысынан олқылықтар анықталды. Тексеріс барысында 19 түрлі кемшілік тіркеліп, 2 миллион теңге айыппұл салынған. Алайда бұл жаза мердігер компанияны тезге сала алмады. Керісінше құрылыс жұмыстары мүлдем тоқтап қалған. Енді жергілікті билік басқа мердігермен жобаны аяқтауға ниетті.

Нұрсұлтан Тастанов, Түрксіб ауылының тұрғыны:

- Екі айдан бері жүріп жатқан жұмыс жоқ ауылда. 50 процент біткен деген. 50 процент біткен жоқ. Колодецтердің бәрі заң бойынша жағылып, гильзоватетіліп істелінбеген деді. Колодецтің ішінде су толып тұр қазір. Учетчик қоятын жер жоқ. Бізге жоғары жақтан ақша бөлініп жатыр. Оған рақмет. Соны тыңғылықты қараса екен, қадағаласа екен.

Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

- Біраз облыстардан осындай жұмыстарды алған. Дәл осы мердігер. Сөйтіп сол облыстарда обжалование жасаған. Сөйтіп, оны жосықсыз деп бұл мекемені тапқан. Жосықсыз мекеме болып табылған соң оның есеп-шоты жабылған. Есеп-шоты жоқ болған соң қаржысы жоқ қой. Сөйтіп адамдарды жалдап істей алмай отыр. Қалған қаржысы бар бізде. Біз енді қазір бұл мекемені сотқа беріп жаңа мердігермен жұмыс жасайтын боламыз.