Елімізде дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттауы мүмкін

Елімізде бірқатар ерітінді мен жақпа майлардың және дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттауы мүмкін.

Отандық фармацевтер осылай деп дабыл қағуда. Себебі шетелден жеткізілетін фармацевтикалық субстанцияларды Қазақстанда тіркеу талабы енгізілгелі отыр. Өкінішке қарай, қазір дәрілік қоспалардың ешқайсысы елімізде өндірілмейді. Дені Еуропа, Қытай және Ресейден тасымалданады. Халықаралық сертификаттары бар. Егер оны Қазақстанда қайта тіркесе, біріншіден қымбатқа түседі, әрі бұл ұзақ уақытты алады. Әсіресе, препаратты өздері жасайтын дәріханалар үшін қиынға соққалы отыр. Себебі олар шикізатты аз мөлшерде алады. Қазір республикада ондай дәріханалардың саны 126.

Ольга Цейц, фармацевтикалық компания директоры:

- Егер жаңа талапты енгізетін болса біз амал жоқ жабыламыз. Себебі Қазақстанда субстанцияның бағасы бірден шарықтайды. Ал ол жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес. Сырттан жеткізілетін әр шикізатты заң жүзінде тіркейтін болсақ, біздің есебіміз бойынша шамамен құны 5 есеге қымбаттайды.

Эрик Құлшанов, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

- Фармацевтердің алаңдауына әзірге еш негіз жоқ. Әлі бұл талап енгізілген жоқ қой. Қазір қоғамдық тыңдау өтіп жатыр. Бизнес қауымдастықтың зардап шекпеуіне біз де мүдделіміз. Сондықтан бұл талапты алып тастауымыз да мүмкін.