Жетісу облысының тұрғыны түйеқұспен туризмді дамытып отыр

Жетісу облысының тұрғыны өз ауласында түйеқұс өсіріп, ауыл туризмін дамытып отыр.

Африкалық құсты күтіп-баптаудың өз машақаты бар. Тіпті адамға қауіп төндіретін кезі болады. Бірақ түйеқұсты көруге ынтық меймандар қатары сиреген емес. Өңірдегі тілшіміз Шыңғыс Қалиден жалғастырады.

Наталья Асылханова түйеқұсын балапан кезінен бағады. Он жыл ішінде оны өсірудің қыр-сырына әбден қаныққан. Екі-үш айлығында африкалық құс өте әлжуаз болғанымен, қанаты қатайғанда адамды тебуді шығарды. Әсіресе жұмыртқа басатын кезде қауіпті, дейді ауыл тұрғыны. 

Наталья Асылханова, ауыл тұрғыны:

- Биыл жолдасымды теуіп қалды. Содан бері қоршаудың ішіне кіруге қорқамыз. Аяғын сермегенде тым биікке көтереді. Мына тордың жоғарғы жағына емін-еркін жеткізеді. Сол оқиғадан кейін сақ жүретін болдық.

Жетісу Алатауының баурайы таза ауасымен, өзен бойын қаулай өскен ақ қайыңымен көз тартады. Тұмса табиғат аясында тынығуға келгендер алып құсты көру үшін ауылға арнайы ат басын бұрады екен. 

Наталья Асылханова, ауыл тұрғыны:

- Бір топ адам кеше ғана түйеқұсты көруге келді. Алдыңгүні де болды. Автобуспен оқушылар да келіп тұрады. Туристер алып құсты суретке түсіріп, таңқалып жатады.

Ауыл тұрғыны тауық, қаз, қоян өсіреді. Бал арасын да бағады. Қазір оның ауласында араның үш жүзге жуық ұясы тұр. Оны да өздері жасайды.  

Жансейіт Бағдалин, ауыл тұрғыны:

- Күніне 25 араның ұясын жасаймын. Ең дәу болған соң уақыт көп алады. Ерекшелігі көгермейді, кебу болады. Жылы. Тышқан көп кірмейді бұның ішіне. Жалғыз адам істегенге жеңіл.

Шаруашылығын шалқытып отырған шаруа төрт түлікті де түлетіп отыр. Еңбекқор жан осылайша шалғай ауылда кәсіп ашып, туризмді дамытуға болатынын іс жүзінде дәлелдеп келеді. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев