Атыраудың Зарослый елді мекенінде тұрғындар жарыққа жарымай отыр

Атырау қаласының іргесіндегі Зарослый елді мекенінің тұрғындары жарыққа жарымай отыр.

Қуат көзінің жиі сөнуінен тұрмыстық техникаларына да зақым келіпті. Тұрғындардың сөзінше жауаптылар ақпанда олқылықтың орнын толтырамыз деп уәде берген. Бірақ еш нәтиже жоқ.

Зарослый елді мекеніндегі 1200 жер телімінің мыңға жуығын тұрғындар алып, үйін салып үлгерген. «Бірақ көшіп келгелі қиындықтан көз ашпадық», - дейді. Электр энергиясына жарымаған жұрт жазда салқындатқыш қосуға қорқатындарын айтады. Тұрмыстық техникалары жарамсыз болып, әбден аузы күйген тұрғындарды су мен қоқыс мәселесі де мазалайды.

Эльмира Мұртазаева, елді мекен тұрғыны:

- Алған техникаларымыздың бәрі өртеніп жатыр. Оның себебі, тоқ күшінің аздығы. Апрель болды, майда күн ысиды. Вообще көтермейді. не машина қоса алмаймыз,  кір машина. Телевизорымыз кетті. Өткен жылы осындай уақытта Мейірім Қалауидің өзі келді бізге. Жылдың аяғына дейін бәрін аяқтап береміз, осы свет болады деген уәде беріп кеткен. Қазір акимтаттан келген жауап: тағы июльға дейін қалдырып отыр.

Асылбек Исаев, елді мекен тұрғыны:

- Жарығы бар, газы бар, суы бар, қоқысқа "Спецавтобаза" счет выставлять етеді. Біз бәріне ақшасын төлеп отырмыз. Бірақ нәтиже жоқ. Не үшін төлейміз. Судың, тоқтық нашарлығына, жиналмаған мусорға? Арттағы көшелерде интернет жоқ, байланыс жоқ.

Атырау ауылдық округіне қарасты Зарослый елдімекеніндегі жер телімі 2016 жылдан бастап берілген. Сол уақытта электр желісін жүргізу үшін әкелінген қажетті материалдар қолды болыпты. Соның кесірінен жарық мәселесі қазір өткір тұр. Түйткілді түйінді шешу үшін қайта жобалық-сметалық құжаттама жасақтап, 1 млрд теңгедей қаржы бөліпті. Ауылдық округтің әкімі құрылыс жұмыстары маусымда аяқталады деп, тағы уәде берді.

Нұрлан Қалмурзин, Атырау ауылдық округінің әкімі:

- 2022 жылдың 23 мамырынан бастап, жұмысты бастады. Шарт негізінде 31 шілде 2023 жылға дейін Зарослый тұрғын алабының көше жарығын, жалпы жарығын жүргізуді бітіру жоспарлануда. Негізі мердігер мекемемен қазір сөйлесіп отырмыз, олар айтып отыр: біз шілдені күтпей шамамен мамыр-маусым айларында бітіреміз деп отыр жұмыстарын.

Уәдеге тойған тұрғындар енді маусымды күтеді. Жауаптылар «жазда 10 трансформатор қойып, отыз бір көшедегі жарық мәселесін толығымен шешеміз», - деді. Ал ұялы байланыс 15 сәуірге дейін қалыпқа келмек.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин