Атырау-Астрахань ынтымақтастығын дамыту жөнінде бірқатар құжатқа қол қойылды

Атырау облысында РФ Астрахань облысымен әріптестік ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Келісім аясында 9 тармақтан тұратын өңір аралық кешенді жоба жүзеге аспақ. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласы, сонымен қатар көлік логистикасы мен  балық шаруашылығын дамыту қарастырылған. Сондай-ақ, Атырау мен Астраханьды байланыстыратын күре жол құрылсының мәселесі талқыланды.

Атырау-Астрахань күре жолы тек екі облысты байланыстырып қана қоймай, халықаралық жүк айналымы мен жолаушылар тасымалында да ерекше маңызға ие. Жолдың жалпы ұзындығы 277 шақырым. Соның 60 шақырымы пайдалануға берілді. Биыл тағы 80 шақырымының құрылысы аяқталуы тиіс. Қатынас реттелсе,  іскерлік байланыс та нығаяды. Атырулықтар Астраханьдағы балық шаруашылықтармен әріптестікті арттырмақ ниетте.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- Астарханьда балық шаруашылығы жақсы дамыған. 5 мың гектар жерде тоған шаруашылығы бар. Сондай-ақ ихтиологиялық институт бар, сол оқу орнынан мамандарды бізге шақырып , кеңес алу, тәжірибе бөлісуді жолға қою керек.

Өңір басшыларының кездесу барысында Атырау мен Астрахань облыстарына қатысты көптеген мәселелер талқыланды. Оның ішінде көлік логистикалық құрылымды жетілдіру туралы да айтылды.

Игорь Бабушкин, Астрахань облысының губернаторы, РФ:

- Атырау-Астрахань күре жолының құрылысы аяқталса, РФ қарасты «Қараөзек» шекаралық бекетінің жұмысын жандандыру қажеттілігі туындайды. Біз Астрахань арқылы Кавказға және еуропаға шығатын жүк тасымалын кедергісіз өткізу жолдарын қарастыратын боламыз

2023 жылдың қаңтар айында Атырау облысының Ресей Федерациясымен сыртқы саудадағы айналымы 29,7 млн АҚШ долларына жетті. Бүгін қол қойылған әріптестік аясында екіжақты тиімді жаңа жобалар қолға алынады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин