Қостанай облысында Түнтігүр өзені тасып жатыр

Қостанай облысында Түнтігүр өзені тасып, жағасындағы Железнодорожный ауылын су басты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ойпат жерде орналасқан алты үйдің ішіндегі су деңгейі 15-20 сантимерге дейін көтерілген. Күні кеше 23 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Олар туған-туыстарының үйлеріне орналастырылған. Елді мекендегі көктемгі тасқынның салдарын жоюға 15 техника мен 30 құтқарушы жұмылдырылды. Қазір жағдай тұрақталды. Ертеңге дейін су тартылып, тұрғындар үйлеріне оралады, деді Қарасу ауданының әкімі.

Жалпы, аудан бойынша осы күндері су тасқынынан келетін қауіп шарықтау шегіне жетті. Құтқарушылар Железнодорожныйдан бөлек, Қарамырза ауылында тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Мұнда да Түнтігүр өзенінің арнасынан асу қаупі жоғары.   

Виктор Радченко, Қарасу ауданының әкімі:

- Үйлерге ешқандай зақым келген жоқ. Бірақ міндетті түрде зерттеу актісі жасалады. Соған сәйкес баспаналарға залал келгені анықталса, өтемақы қаралады.