Жамбыл облысында кәсіп ашқысы келетін 1000 адамға грант беріледі

Биыл Жамбыл облысында кәсіп ашқысы келетін 1000 адамға 1 млрд 400 млн теңге грант беріледі.

Қайтарымсыз қаржы атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен көп балалы отбасыларға, сонымен қоса асыраушысынан айырылған жанұяларға, қандастар мен еңбекке жарамды мүгедек жандарға табысталады. Грант алғандар мал шаруашылығын дамытып, технологиялық құрал-жабдықтар алуға құқылы. Сонымен қоса тың бизнес түрленіне қолдау бар. Жауапты басқарма мамандары жастарға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Биыл облыс бойынша 1,7 миллиард теңге жеңілдетілген несие беріледі.

Ғалижан Мейірманов, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Президенттің  қыркүйек айындағы жолдауына сәйкес жеңілдетіген түрде арнайы тек қана жастарға шағын несие беру жұмыстары қарастырылуда.  Шағын несие одан да ісін кеңірек ашуға, үлкен іс ашуға мүмкіндік береді. Себебі оның мөлшері 5 миллион  теңгеге дейін құрайды. 5 жылға дейін беріледі. Мал шаруашылығына алатын болса, онда ол 7 жылға дейін беріледі. Яғни малдың төлін алып, көбейту мақсатында осындай мерзімі ұзартылып отыр.