Атырау облысында мектеп тапшылығы мәселесі өткір тұр

Атырау облысында биыл 15 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Бірақ білім ұяларының тапшылығы мәселесі өңірде әлі күнге дейін өткір тұр. Қазірдің өзінде үш ауысыммен оқитын 11 білім ошағы, апаттық жағдайдағы 4 мектеп бар. Жергілікті билік мәселені толық шешу үшін кешенді жоспар бойынша жұмыс істеп жатқандарын айтады. Десе де демо-графиялық өсім мектеп құрылысына қарағанда қарқынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде білім саласында маман тапшылығы ғана емес, мектептің жетіспеушілігі де күрмеулі мәселе болып отыр. Үш ауысымды 11 мектептің өзінде 23 мыңға жуық бала білім алып жатыр. Апатты жағдайда тұрған мектептер де бар. Мысалы 1330 оқушы білім алатын №19 мектеп гимназиясының өзі осыдан 50 жыл бұрын салыныпты. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Жергілікті билік мектептердің мәселесі жоспар бойынша 2025 жылға қарай шешіледі деп отыр.

Гүлнәр Сәдуақасова, облыстық Білім беру басқармасының басшысы:

- Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес Атырау облысында 48 мектеп салу жоспарланып отыр. «Жайлы мектеп» жобасына сәйкес 12 мектеп жоспарланып отыр. Бұл – Атырау қаласында 8 мектеп, Жылыой ауданында 1 мектеп, Құрманғазы ауданының Құрманғазы селосы мен Ақкөл ауылында 2 мектеп және Қызылқоға ауданында 1 мектеп салу жоспарланған.

Қазір өңірдегі 200 мектепте 143 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін облыста  6370 орындық 13 мектептің құрылысы басталған. Оның 9-ы биылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Айдарбек Зиноллаев, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- 2023 жылы 300 орындық мектеп құрылысы және 170 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстарына мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, мердігерлер анықталды. Алдағы уақытта басталатын болады. Махамбет ауданында 80 орындық бір мектеп, Атырау қаласынан 150 орындық 3 мектепке және Мақат ауданы Мақат кентінде 250 орындық қосымша жапсаржай құрылысына жобалық-сметалық құжат жасақталып, дайын тұр. Алдағы уақытта қаражат мәселесі шешілгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады.

Балабақша мәселесі де өзекті. Қазір облыста 15 мыңға жуық бала балабақша кезегінде тұр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин.