Алматыдағы дизель тапшылығына не себеп?

Алматы әкімдігі шаһардағы дизель отынының жетіспеушілігіне байланысты түсініктеме берді.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша бастып себеп – Шымкенттегі зауыт жұмысын уақытша тоқтатуы. Сондай-ақ Алматы облысының тұрғындары мен транзиттік көлік иелері тарапынан дизель отынына сұраныс күрт артқан. Сөйтіп, тұтыну мөлшері берден 30-35%-ке ұлғайыпты. Бұл резервуарлардың уақтылы толмауына алып келді. Ал жүргізушілер болса қаланы аралап, солярка іздеуге мәжбүр. Тапқан күннің өзінде қолма-қол ақшаға бермейді. Жанармай құю станцияларының бірқатары дизель отынын талон арқылы сатуға көшкен. Шектеу қойып, 50 литрден таратып жатқандар да бар. Кейбірінде мүлдем жоқ. Әкімдік қызметкері автобус парктері мен коммуналдық қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында жекелеген жанармай құю бекеттеріне дизель отынының шекті мөлшерде берілетінін айтты.

Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта қала бойынша ірі деген  жанармай құю стансалары мен мұнай базаларында 9 мың тоннаға жуық дизельдік отын бар. 4-5 күнде тағы 5 мың тонна жеткізіледі.

Қайрат Нұрқасымов, қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:

- 15 наурыздан бастап шымкенттік зауыт күрделі жұмыстар жүргізуге жабылды. Бұл жабылу бойынша кішкене дефицит болып тұр. Соны реттеу үшін басқарма ретінде, әкімдік ретінде ҚТЖ-мен бірлесіп, қазіргі таңда Атырау және Павлодар зауыттарынан дизель отынын тез Алматыға жеделдету жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Дизель отыны бойынша жағдай осы айдың онынан кейін тұрақтала бастайды. Сол уақытта Шымкент мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылады, - дейді мамандар.