Өскеменнен Алтай ауданына апаратын жол құрылысы қайта басталады

Өскемен қаласынан Алтай ауданына апаратын жол құрылысы қайта басталады.

Алты жылға созылған жер дауы салдарынан инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру мүмкін болмады. Енді жағдай өзгереді. Жоба қайта жанданып, оған бюджеттен 12 млрд теңге бөлінеді. Экономикалық тиімділігі жоғары нысан ішкі турзимнің дамуына да сеп болады.

Өскемен қаласы мен Алтай ауданын жалғайтын жол 6 жыл бұрын басталған еді. Алайда, орта жолда тоқтап, қазір сақалды құрылыстар қатарын толықтырды. Басында 400 текше метрлік аумақ тастан тазартылған. Өзге де дайындық жұмыстары қолға алынып еді. Бірақ кейін мүлде тоқтап қалды. Себеп сан алуан, сылтау да көп. Қажетті жер аумағын мемлекеттік орман қорынан шығару үдерісі де созылып кетті. Соның салдарынан мердігер ұйым құрылысты аяқтаудан бас тартты.

– Ескі жолда серпантині бар, ол жерде қысқы мерзімде жолдарды жабамыз...

Жоба шеңберінде тау көшкіні қаупі жоғары учаскелер саны азаймақ. Жолдарды қар басып қалмас үшін темірбетон құрылғылары қойылады. Сонымен қатар, автокөлік жүруге арналған ұзындығы 200 метр, ал биіктігі 40 метр болатын жаңа көпір салынады. 

БЛИЦ

- Тура жол болғаны дұрыс. Тау ішімен айналып жүру қауіпті. Тікелей бағыт болса, құба-құп.

- Күткенімізге бірнеше жыл болды. Тез аяқталса екен.

Құрылыс жұмыстары бір айдан соң басталады. Жаңа жол сағатына шамамен 100 шақырымды жүріп өтуге мүмкіндік береді. Осылайша Өскемен мен Алтай ауданының арасы қысқара түспек. 

Олжас Ахметов, «ҚазАвтоЖол ҰҚ» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Бұл жол таулы аймақпен өтеді. Рельефі жолшыларға өте қолайсыз. Жұмыс жүргізгенде қиындықтар көп туғызады. Неге десеңіздер, жару жұмыстары көп болады. Бұрғылай жару жұмыстары. Одан бөлек жарылған топырақ көлемін жолға салуымыз керек болады. Және де екі таудың ортасын қосатын, өзен үстімен өтетін көпір болады.

Жаңа жол ішкі туризмнің дамуына да оң серпін береді. Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасының аумағында заманауи курорттық желі ашылады. 

Мария Русина, туристік фирма басшысы:

- Сапасыз жолдар туризм саласының дамуына кедергі келтіреді. Жөндеуді қажет ететін учаскелер баршылық. Бұқтырма су қоймасына тынығуға келетін адамдардың саны көп. Жаңа нысан пайдалануға берілген соң шетелдік туристердің саны да арта деп ойлаймын.

Жаңа жол құрылысы барысында қиыршықтас-мастикалы асфальт төселеді. Бұл технология аймақтың климаттық жағдайына бейімделген. Тақтайдай тегіс жол 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин