Ақтауда рұқсатсыз салынған он бір көп қабатты үй анықталды

Ақтауда прокурорлар рұқсатсыз тұрғызылған 11 көп қабатты үйді анықтады.

Сондай-ақ салымшылар қаржысын заңсыз тарту бойынша 25 дерек тіркеліп отыр. Құзырлы орган қызметкерлері шаһардың бас жоспарын жобалау кезінде заң талаптарының сақталуын тексерген. Нәтижесінде баспана құрылысына жер учаскелерін босату туралы қала әкімдігінен берілген 2 қаулының күші жойылды. Бұдан бөлек жалпы құны 130 млн теңгеге жуық коммерциялық мақсаттағы 9 жер орны мемлекетке қайтарылды. Жауапты тұлғалар жол берген қателіктерді түзетуге уақыт берілді.

Мерген Меңдіғалиев, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:

- Ең біріншіден, әкімшілік жауаптылық мәселесі бар. Егер де осы заң бұзушылықтарды құрылыс мекемелері жоймаса, онда құрылысты бұзу мәселесі қаралады. Жергілікті атқарушы органға салынып жатқан құрылыс мекемелеріне мониторингті күшейту және бас жоспардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды.